Ақтөбеде білім беру саласына жаңашылдықтар енді
Мектептерде зейнет жасына жеткен мамандар жұмыс істеуге мәжбүр. Бала санының артуы да, білім беру саласының бас қатырар мәселесіне айналған. Облыс орталығында биыл 11 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттаған. Сәйкесінше, 7 оқу ордасында балалар үш ауысыммен білім алып жатыр.
Ақгүл Жұмашева биылғы 1-сынып бүлдіршіндерімен мектеп табалдырығын қайтадан аттап отыр. Бұл жолы жас маман ретінде. БҚО-да жоғары оқу орнын бастауыш сынып ұстазы мамандығы бойынша тәмамдаған ол сабақ беру жүйесін заманауи үлгіде жүргізеді. Себебі жаңартылған білім бағдарламасының ұтымды тұстары көп.
Ақгүл Жұмашева, жас маман:
- Оқушыға көп мүмкіндік, таңдау, еркіндік берілген. Яғни оқушының қиялын шыңдауға сіз өзіңіздің шеберлігіңізді қосып, тапсырмаларды түрлендіре аласыз. Жаһандануда бәсекеге қабілетті болуға, өзге елдермен білім теңестіруге өте таптырмас керемет мүмкіндік деп есептеймін.
Жаңа технологиялармен үш тілде білім беру жүйесін игеру кез келген тәжірибелі маманға оңай емес. Әсіресе егде жастағы ұстаздар үшін оңай болмай тұр. Соған қарамастан Ақтөбеде зейнет жасына жеткен мұғалімдер де еңбек етуде. Бұл – маман тапшылығынан туған шара. Оқушыларға 34 жыл тәлім-тәрбие берген Дина Махамбетова екі жыл бұрын зейнетке шыққан. Соған қарамастан әлі күнге дейін ұстаздар қатарында.
Дина Махамбетова, қалалық №10 орта мектеп мұғалімі:
- Егер де жас мамандар толық мектепті қамтамасыз ете алса, мен үйде немерелерімді бағып отыра берер едім деп ойлаймын.
Ақтөбе облысының білім ордаларында қазір 256 ұстаз жеткіліксіз. Негізінен математика, химия, физика сияқты пәндер ақсап отыр. Жастардың педагогика саласына енжар қарап, басқа мамандықты таңдауының бірнеше себебі бар. Жалақының мардымсыз болуын айтпағанда, мұғалім мәртебесінің құлдырауы да зор әсер етуде.
Индира Бексұлтанова, қалалық №10 орта мектеп директоры:
- Мұғалімнің керек, керек емес жерде жауапқа тартылуы, жала жабылуы. Мұғалімдердің құқығы осы арнайы заң жобасы арқылы қорғалып, аталғандардың барлығы белгіленеді деп ойлаймын.
Бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беру жүктелген жандар: «Қоғамдық жұмыстан босатылсақ», – дейді. Сонда ғана шығармашылыққа ден қойып, білім беру сапасы үздік елдермен терезесі тең жүйе қалыптасады. Яғни «Мұғалім мәртебесі» заң жобасына барлық ұстаз иек артып отыр. Тағы бір түйіні шешілмеген мәселе – мектеп ғимараты. Қазір Ақтөбенің өзінде 7 оқу ордасында балалар 3 кезеңмен білім алуда. Шаһардың жаңа аудандарында жағдай ушығып тұр.
Саян Сүлейменов, қалалық білім бөлімінің жетекшісі:
- Жаңа оқу жылын 83 мыңдай оқушымен бастағалы отырмыз. Өзіміздің есебіміз бойынша 1-сыныпқа 11 мыңға жуық оқушы келеді. №60 мектеп, «Батыс 2» ауданындағы №63, №64 мектептерде 1-сынып оқушыларының саны өте көп болып отыр.
Шенеуніктердің жоспары бойынша үш ауысымда білім беру үрдісі Ақтөбеде келер жылы жойылуы тиіс. 1 қыркүйекте 3 жаңа ғимарат қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін олардың саны 15-ке жетеді. Құрылыс жұмыстары қарқынды. Ал жас мамандармен қамту мәселесін шешуде «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға иек артқан. «Мұғалім мәртебесі» анықталған соң, педагогика саласына ден қойғандар қатары да артуы бек мүмкін.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов