«Бес әлеуметтік бастама» жобасы аясында 75 мың орынды жатақхана салынуы тиіс
Әзірге 8 нысан пайдалануға берілген. Жатақханалардың барлығы осы заманғы, ішінде психолог кабинеті, жаттықтыру залдарына дейін бар. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 2022 жылға дейін 75 мың орынға студенттер үйі салынады.
Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті жанындағы осы заманғы талаптарға сай студенттер үйі 200 орынға шақталған. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде салынған. Мұнда тұрмысы төмен балаларға жеңілдіктер қарастырылса, тұл жетімдерге тұру тегін.
Гүлнәр Сәрсенбекова, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры:
- Әрине, алғашқы кезде университет өз қаржысымен жатақхананы бастады, бірақ бүгінгі күні кеткен шығындарымызды мемлекет қайтарып беруде.
Арнайы механизм бойынша кәсіпкер, оқу орны басшылығы өзіне тиесілі жер учаскесі болса, мемлекеттік тапсырыс бойынша жатақхана салуға құқылы. Ал мемлекет құрылысқа жұмсаған қаржының жартысын немесе түгелдей өтейді.
Біржан Әлімжанов, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры:
- Мемлекет 8 жыл бойы арнайы мақсатты мемлекеттік тапсырыс орналастырады. Бүгінгі таңда 60-қа жуық жобаны қарастырып жатырмыз. Оның 31-і бойынша келісімшартқа қол қойылды.
Сәуле Әбішева, «Даму» қоры Субсидиялау департаментінің директоры:
- Инвестор екінші деңгейлі банктен 15% несие алса, оның 9% «Даму» қоры субсидиялайды. Сонда оның өтейтіні тек 6% болады.
Талапқа сай, жатақхана құрылысқа қаржы құйған инвестордың меншігіне өтеді.
Асқар Ыбырайымов, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ Президенті:
- Толықтай отандық инвесторлар тартылуда. Жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша жер бөлуге, инфрақұрылым мен коммуникация өткізуге де жеңілдік қарастырылған.
Жоба аясында 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салынуы тиіс.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аян Сәрсенбаев