«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 20 млрд теңге бөлінеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын айтып, «Димпломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуді тапсырған болатын. «Сондықтан Президенттің бұл бастамасы көңіл қуантады», – дейді ауыл ұстаздары.
Материалдық-техникалық базасы жақсы дамыған қала мектептері мен қарапайым интернетке қосыла алмай отырған ауыл мектептерінің білім беру сапасын расында салыстыруға келмейді. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі білікті кадрлардың тапшылығы да өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.
Әсем Асқарқызы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасының кеңейтілуі бізді қуантып отыр. Білім сапасын жақсартуға білікті кадрлар келіп жатыр. Мектебімізге ағылшын тілінінен, дене шынықтыру пәнінен осы жоба бойынша жас мамандарымыз келді. Әлі де жетіспейтін кадрлар бар. Сондықтан қалаға жұмыс іздеп кеткен жастарды ауылға тарту үшін бұл бағдарламаның рөлі өте маңызды деп ойлаймыз.
Алматы облысы Талап ауылдық округіне қарасты Қастек ауылының орта мектебінде қазіргі таңда 21 ұстаз жұмыс істейді. Мемлекет бағдарламасы аясында биылғы оқу жылында бірнеше жас маман келген екен. Солардың бірі – Қазақтың спорт және туризм академиясын тәмамдаған Қасым Қайратұлы.
Қасым Дүйсебаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама өте жақсы. Менің екі ұлым, бір қызым, келіншегім бар. Өз басымда жеке баспанам бар. Менің Үкіметтен үлкен көмек болды, көп рахмет. Мен сияқты жастар көбейе берсе екен деп тілеймін. Осы мектепте қазір дене шынықтыру пәні мұғалімімін. Балаларға білгенімізді үйретіп жатырмыз.
35 жыл ұстаздық еткен Тұрсынхан Қасымханұлының айтуынша, көптеген білікті мамандар бір кездері жалақы мардымсыз болған соң басқа жұмыстарға ауысып кеткен. Енді Президенттің Жолдауындағы тапсырмалар жүзеге асып жатса, ауыл мектептеріндегі білім сапасының артарына сенімді.
Тұрсынхан Отыншиев, ардагер ұстаз:
- Ел Президенті Жолдауында келешек ұрпақтың білімді болуын талап етіп отыр. Білімді ұрпақты оқытуымыз үшін ұстаздардың еңбекақысын көбейтіп, жақсы жағдай жасаймыз деп жатыр. Өз дәрежесінде дұрыс жолға қойылса, құба-құп болар еді.
ҚР Президенті дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік ЖОО дайындау керектігін де баса айтты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – ұлт болашағы үшін жасалған ұтымды жоба. Егер Президент тапсырмалары жүзеге асып жатса, көптеген өзекті мәселелер шешімін табатыны сөзсіз.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон