Мемлекет басшысы Арыстағы апатта ерлік танытқандарды марапаттады
Бұл – қарапайым арыстық жігіттің ерлік оқиғасы. Ол – құтқарушы емес, ант берген әскери емес, қатардағы жүргізуші. Ақордада Мемлекет басшысы Арыстағы апат кезінде ерлік танытқан азаматтарға награда табыстады. Марапатталғандардың арасында жоғары шен мен лауазым иелері жоқ. Барлығы – еңбек адамдары.
Арыстағы апаттың болғанына 2,5 ай толды. 70 күнде ел жұмылып, үй-күйінің 90% жарамсыз болып қалған қаланы қайта қалпына келтіріп берді. Апаттың алғашқы күнінен Мемлекет басшысы жарылыс болған қалаға арнайы барды. Жабырқаған көңілге сенім ұялатып, «барлығы жақсы болады, жөнделеді» деп уәде берген еді. Жөндеу жолға қойылды, жауаптылар жазасын алды, енді сын сағатта сыр бермей, ерлік танытқандарды ел танитын кез келді. Президент 40 адамға «Айбын», «Құрмет» және «Ерлігі үшін» төсбелгілерін табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Арыс оқиғасы біздің халқымыздың қиын-қыстау кезеңіндегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Біз бұл күні ұлт болып ұйыса білдік. Бұл іске өз үлесін қосқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтамын. Мен өзімнің жарлығыммен осы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттадым.
Мемлекеттік награда алғандардың барлығы қарапайым азаматтар: әскерилер, құтқарушы, медбикелер мен педагогтер. Асқар Әбдіхалық есімді ер жастығына қарамастан қиын сәтте саспай, екі адам болып 120 баланың өмірін құтқарды.
Асқар Әбдіхалық, Арыс қаласының тұрғыны:
- Ағам екеуіміз балаларды қаланың сыртына шығарамыз деп шештік. Менің машинама екі тәрбиеші және 80-ге жуық бала мінді. Сонымен жолға шықтық. Мен Шардараға, ағам Шымкент қаласына қарай кетті.
18 жастағы жігіт «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Ер атанған медбике Күмісай Тұманова басын қауіпке тігіп, 41 адамды қалай құтқарғанын еске алды.
Күмісай Тұманова, Арыс қаласы балалар ауруханасының медбикесі:
- Жатып қалған, балалары ауырып жатқан жас аналар ұйықтап қалады. Солардың бәрін көрейін деп есіктердің бәрін ашсам, бір палатада бір ана бір бөпесімен, енді бір ана екі бөпесімен жатыр екен. Сыртқа шығамыз деп келе жатқанда терезелер сынып, ішке қарай от кіріп жатты. Аурухана қабырғасы қимылдап тұрды.
Апаттан бері 70 күн өткенде барлық жөндеу жұмысы мен құрылыс аяқталып, арыстықтар жаңарған үйлеріне кірді. Қыркүйекте уәде орындалып, қаланың 16 мектебі 12 мың оқушысына алғашқы қоңырауын соқты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 24 маусым халқымыздың тағы бір сыннан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ. Қиындыққа қарамай, тұтас бір қаланың тұрғындарын 2 сағаттың ішінде қауіпсіз жерге көшіру – нағыз ерлік. Бұл бар-жоғы екі сағаттың ішінде жүзеге асты.
Арыстың оқиғасы қазақтың бойында бар қайсар мінезді де, жетімі мен жесірін жылатпаған мейірімділігін де паш етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген және паналатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын. Дәл осындай төтенше жағдай кезінде азаматтарымыз бір адамдай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етті. Барлық өңірдің өкілдері Арысқа аттанып, қаржылай және заттай көмек көрсетті. Азық-түлік жолдады, бұл біздің халқымызға тән ерекше мейірім мен қайырымдылық деп білемін.
Қысқа мерзімде қирағанның 97% қалыпқа келіп, қала тұрғындарының бірі қалмай қаржылай көмек алды. Өтемақыға мемлекет 5 млрд теңге бөлді. Арыстағы апат елдік пен ерліктің керемет үлгісін көрсетті.
Авторы: Дәурен Жұрхабаев