Ақмола облысында жөнделмеген жолдар жұртты әлекке салды
Нақтырақ айтқанда, Алтын дала ықшамауданының тұрғызылғанына 8 жыл өткенімен, шенділер инфрақұрылым салуды шетке ысырып қойыпты. Тұрғындар 2 жыл бойы талай табалдырықты тоздырып, шағымданып келеді. Бірақ олардың жанайқайына ешкім селт етпеді.
Елді мекенге апаратын жалғыз аяқ жол айқыш-ұйқыш, ойдым-ойдым. Жаяу жүргінші тұрмақ, темір тұлпардың қозғалуы қиын.
Мұнда 8 жылдан астам уақыт бойы тұрып жатқандардың сөзін тыңдасақ, жағдай ауыр. Себебі бастауыштың баспалдағын енді аттаған оқушылар күз бен көктемде саз кешіп, мектепке барады. Кеш батса, қайтуға қорқады. Өйткені ауданда жарық атымен жоқ.
Елорданың дәл іргесінде тұрған Қосшы ауылының тұрғындары 2 жылдан бері жол мәселесін шеше алмай келеді. Мысалы, Алтын дала ықшамауданының оқушыларына ауыр тиюде. «Жазда батпақ кешсе, қыста мектепке жаяу қатынау – барып тұрған азап», – дейді.
Қосшы ауылының Алтын дала шағынауданында қазір 300-ге жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Барлығы қалаға қатынайтын жол салынса екен деп армандайды. Себебі біреу ауырып қалса, дәрігер атаулы көмекке асықпайды екен.
Күміс Бейтанова, Қосшы ауылының тұрғыны:
- Осында қаншама бала бар. Мынау мектепке жаяу барып, жаяу келеді. Біз күнде ауырамыз, қан қысымы да дұрыс емес. Жедел жәрдем шақырсақ, «Жолдарың жоқ, өздерің келіңдер», – деп келмейді. Қан қысымының көрсеткіші 270 болып ауруханаға қалай барамын? Әлде жолда өлемін бе?
Алтын дала шағынауданына жақын жерде бірде-бір білім ордасы жоқ. Ең жақыны 2 шақырым жерде. «Оның өзі бірнеше ауысымда оқытады», – дейді тұрғындар. Ал кештетіп сабақтан қайтатын балаларына алаңдағандар соқпақ жолда талай оқыс оқиға болғанын айтады.
Қайыр Айнабаев, Қосшы ауылының тұрғыны:
- Бағдаршам жоқ. Бірнеше адамды машина қағып кетті. Әйтеуір абырой болғанда бәрі аман қалды. Соған ауданға жазбаша өтініш те білдірдік. Мәслихаттың шешімі шықты. «Әне-міне қоямыз» деп жүргенде үлкен жасы 20-ға келген бір азаматымызды қағып өлтіріп кетті.
Ықшамауданның естиярлары аудан, облыс әкімдерінің табалдырығын талай тоздырыпты. Олар: «Абаттандырылмаған аулалары мен парша-паршасы шыққан жолдарды бірнеше рет көрсеттік», – деп отыр. Алайда жергілікті билік «ақша жоқ» деумен шектеледі. Мән-жайды білу үшін ауылдық округ әкімдігі өкілдерімен тілдесіп көрдік.
Мирас Күжібаев , Қосшы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- Алтын дала ықшамауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жолдар 2020 жылға дейін толық төселеді. Бір-екі күн бұрын жаңбыр жауып, жолдың барлығын шайып кетті. Тұрғындар осы себепті мазасыз күйде. Енді жұрт балшық кешпес үшін қайта құм төсейміз.
Сиқы кеткен жолдарға жауапты жергілікті билік осылай деп ақталды. Алайда көпшілік: «Ел қатарлы өмір сүруді қиялдаудан қажыдық», – дейді. Сондықтан мұнымен тоқтамаймыз деп отыр.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Болотбек Табалдиев