Атыраулық бағбан шөлейт жерде лимон өсіруде
Егістік, көкөніс, жеміс-жидектің өзі әрең өсетін табиғаты қатал аймақ Атырауда жергілікті фермер лимон өсіріп отыр. Субтропиктік климатта ғана өсетін лимонды енді өзімізде де өсіруге болады. Бау-бақша өсіруді кәсіп ететін шаруа қожалығының өкілдері жуырда алғашқы лимон өнімін алады. Бұл күнді еңбекқор шаруалар 3 жыл күткен болатын.
Қажырлы еңбек пен төзімнің арқасында 20 шақты шағын жылыжайдағы 2 мың түп лимонның бір түбі де сетінемей жеміс беру кезеңіне жетті. Шаруа қожалығы мамандарының жоспары бойынша алғашқы жылдың өзінде 1,5 тонна лимон алулары тиіс.
Виктор Шеффер, агроном:
- Лимон өсіру негізі аса қиын шаруа емес екен. Тек баптап, күте білу керек. Дегенмен біздің аймақтың ауа райы қиындау. Қыста суық әрі үнемі жел, борандатып тұрады. Қыстың күні лимонарийдің ішіндегі ауа 2 градус ыстықтан төмен болмауы керек. Ал жазғы мезгілде 60 градус ыстыққа да төтеп береді.
Махамбет ауданындағы бұл шаруа қожалығы 10 жылдан бері көкөніспен қатар жеміс-жидек, бау-бақша өсіруді қолға алады. Қазір 160 гектар алма бағы, жүзім және бір гектар аумақты алып жатқан лимон жылыжайы бар. Әрине табиғаты қатал аймақта жеміс өсіру оңай шаруа емес. Кететін шығын көлемі де жыл санап өсіп келеді.
Владимир Розметов, шаруа қожалығының басшысы:
- Атырау облысының фермерлері үшін судың текше метрі 14 теңге, ал Шымкентте бір теңгенің маңында. Ол жақта жаңбыр да жиі жауады. Бізде жаз бойына бір тамшы тамбайды деуге болады. Судың тапшылығын көрудей-ақ көріп отырмыз. Көгілдір отынға да жақында бір мың текше метріне 200 теңге қосылды. Ал дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге қымбаттады.
Бірақ әзірге мемлекет тарапынан аграрлық сектордың бұл түрлеріне субсидия қаралмаған. Дегенмен алғашқы сыннан сүрінбей өткен шаруалар енді басқа тропиктік жемістерді де өсіріп көруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар лимон жылыжайының аумағын да келер жылдан бастап ұлғайтуды қолға алмақ ниетте.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы