Атырау облысында төрт түлікке су жетпей жатыр
Атырау облысында төрт түлікке су жетпей жатыр. Жайықтан Нарын, Сборный арналарына су айдайтын қондырғылар тасқын кезінде істен шығып, су нөпірі құбырларды бұзып кеткен. Ағысы қатты тасқын өзен жағасын кей жерде 30 метрге дейін құлатқан. Қазір жауапты мекеме су сору қондырғыларын қалыпқа келтіріп жатыр.
Ақтоғай ауылының тұрғыны Шыныбек Бірәлиев – төрт түлігін мына Сборный каналынан суарып отырған шаруа. Бірақ бүгінде каналдың бойы құрғап, малына суды әрең тауып беріп отыр. Бұлай жалғаса берсе жағдайдың қиындайтынын айтады. Ұзындығы 80 шақырым болатын каналды жағалай орналасқан шаруа қожалықтары қазір тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр.
Шыныбек Бірәлиев, шаруа қожалығының иесі:
-Жалғыз мен емес, осы Сборный каналының бойындағы, басқа да каналдардың бойындағы шаруагерлердің атынан айтып отырмын. Бәрінің де тілегі осы. Су тапшы болып жатыр. Күн ыстық, малға қиын болып жатыр.
180 шақырымға дейін созылып жатқан Нарын каналы Махамбет ауданынан басталып, Исатай ауданымен өтеді. Су сору қондырғысы істен шыққаннан кейін бұл канал да кеуіп жатыр. Қазсушар мекемесі Жайық өзенінен каналдарға су айдайтын қондырғының тасқын кезінде істен шыққанын айтады. Ағыспен келген томарлар құбырларды қиратқан.
Асланбек Рысжанов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:
-Ток желісі де үзілді. 5 опор құлады. Қазір осы Нарын каналының басындағы 2 жүзбелі насостың трубаларын қосу жұмыстары аяқталуда. Ертеңнен бастап ток желісін тартамыз. Содан кейін қосу жұмыстары жүргізілуі керек.
Тасқын кезінде Жайық арнасынан асып, жайылмаға шықты. Тасқын су каналдардың кей жерін бұзып та кеткен. Қазір «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері бөгетті бекітіп, қалыпқа келтіріп жатыр. Шаруалар мәселе жедел шешілсе дейді. Өйткені шіліңгір шілдеде жағдай тіпті ушығуы мүмкін.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин