Оңтүстік Корея дүниежүзіндегі туу саны ең төмен мемлекетке айналды
«Таңғы шық» елінде халық саны сегіз жыл қатарынан азайып келеді. Ғалымдардың болжамынша, 2072 жылға қарай мұндағы халық саны 51 миллионнан 36 миллионға дейін кемуі мүмкін. Жас корей қыздары тұрмысқа шығуға неге асықпайды? Отбасын құрудан бас тартуға тағы не себеп?
Қырық тоғыз жастағы Хван Сон Джа - екі баланың анасы. Бірінші ұлы дүниеге келгенде, Сон Джа декреттік демалысқа шығып, бірнеше жылдан кейін қайта жұмысқа тұра алмады.
Хван Сон Джа, Хвасон қаласының тұрғыны:
-Балабақша мен мектепте білім алу тегін, бірақ баланың табысты болып, жақсы институтқа түсуі үшін ата-аналар балаларын қосымша сабақтарға жібереді. Бір бала үшін айына 760 доллар ақша кетеді. Азық-түлік бағасы да көтерілді. 4 адамнан тұратын отбасына 2 мыңнан астам доллар керек. Табыс өзгерген жоқ, бірақ шығындар көбейді. Сондықтан жас жұбайлар балалы болуды кейінге қалдырады.
Оңтүстік Кореяда туу коэффициенті бір әйелге 0,68 балаға дейін төмендеген. Өткен жылы 65 жастан асқан қарттардың саны 9,5 миллионға жетті. Бұл жалпы халықтың 18,5% құрайды.
Оңтүстік Кореяда босанған әйел оның баласы мектепке барғанша ақшалай жәрдемақы ала алады. Жалпы 8 жыл ішінде төлемдер 22 мың доллардан асады екен. Сондай-ақ электр қуатын төлеген кезде аналарға 30% жеңілдік беріледі. Бұл аз десеңіз, жүкті әйелдерге дәрумендер мен дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ал ауруханаларда тіпті 10%-40% дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Профессор Шин Чон У елдегі туу мәселесін зерттеп көрген. Оның айтуынша, төмен көрсеткіштердің басты себептердің бірі – бала тәрбиесінің қымбаттауы.
Шин Чон У, Шинхан университетінің профессоры:
-Құндылықтар өзгерді. Көптеген адам некені қажет деп санамайды және балалы болғысы келмейді. Тууды ынталандыру үшін үкімет икемді еңбек жүйесін және қашықтан жұмыс істеуді енгізуде. Билік сонымен қатар колледждердің оқу ақысын азайтып, шәкіртақыны көбейтіп жатыр. Үкімет бірнеше балалы отбасыларға салық жеңілдіктерін кеңейтіп және оларға тұрғын үй сатып алуға басым құқық беріп отыр.
Докторант Ким Со Ён 30 жаста. «Оқуын бітірген соң отбасын құруым мүмкін», - дейді. Қыздың жігіті бар, бірақ Со Ёнға сабақ пен жұмысты біріктіру қиын болғандықтан, тұрмысқа шығуға асықпайды. Болашақ жарына тәуелді болғысы келмейді.
Ким Со Ён, Сеул қаласының тұрғыны:
-Бірінші, әрине, экономикалық себеп. Сеул мен Кёнги провинциясында 2 бөлмелі пәтер 379 мың доллар тұрады. Жас отбасылар мұндай ақшаны қайдан алады? Көптеген оңтүстіккореялықтар балалы болғысы келмейді. Сондықтан мемлекет көші-қон саясатын жетілдіруі қажет. Кореяда тұруды қалайтын Орталық Азиядан, Франциядан және АҚШ-тан келген студенттер бар. Үкімет Орталық Азиядан келген мигранттарға виза алуға көмек берсе және қоғамның шетелдіктерге деген көзқарасын өзгертсе, халық санын көбейтуге болады.
Кореяның әр аймағында жас босанғандарға жеңілдіктер ұсынылады. Биылдан бастап Сеулде бала туғандардың барлығына 750 доллар шамасында субсидия беріледі. Оны шетелдіктер де ала алады, ол үшін елде заңды түрде тұруы қажет.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян