Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті
Алматыда зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен зерттеушілер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, рухтарына құран бағыштады. Халық жауы атанып, атылған азаматтардың ұрпақтары естеліктерін бөлісті. «Зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болған арыстардың есімі ұрпақ жадынан өшпей, үнемі ұлықталуы керек»,— дейді шараға қатысушылар.
Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстан тарихында ең қасіретті кезең болып саналады. Ұжымдастырудың «ұраны» жаппай ашаршылыққа әкеліп, малынан айырылған халық, талғажауға зар болып, ажал құшты. Артынша ұлтын сүйген азаматтар халық жауы атанып, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. «Зұлматты жылдардың табы терең, қасіреті ауыр»,— дейді тарихшылар.
Хангелді Әбжанов, тарихшы:
-Үздіксіз олар біздің санамызда, біздің саясатымызда, идеологиямызда болу керек. Өйткені қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан келген зардап, залал қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қасірет. Осы қасіреттен тағылым алуымыз керек. Біздің тарихымызда қасіретті беттер аз емес, соның бәрінен саяси-практикалық, идеологиялық қорытынды шығарып отырсақ жаман болмас едік.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында қазақтың маңдайалды ақыны Ілияс Жансүгіров те бар. Қазақ әдебиетінің Құлагері атанған қаламгердің туғанына биыл 130 жыл. Ол 1894 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Ілияс Жансүгіров өзі қалдырған естеліктерінде «Менің жазу қызметім 1923 жылы басталды» дейді. «Абайды оқып, жазуға талабым оянды»дейді. 20 жылға жетер-жетпес шығармашылық ғұмырында қазақ әдебиетінде жауһар туындыларын қалдырды. Бір ғана «Құлагер» поэмасы бүгінде әлем әдебиетінен орын алды.
Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы:
-Герт Хайденрайх деген неміс аудармашысы поэмаға үлкен қызығушылық танытып, оны Германияның Бонн қаласында шығарған болатын. Белинда Кук деген ағылшын ақыны осы Ілияс Жансүгіровтің Құлагер поэмасын осы өздерінің тілдерінде ағылшын тіліне аударып, елге халыққа танытып жатқан жайы бар.
Ілияс Жансүгіров алғаш Қазақстан жазушыларының ұйымын басқарды. Ұлттық әдебиетіміздің дамуына кең өріс ашты. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Журналистикаға алғаш фельетон жанрын алып келді. Қайраткердің мол мұрасы әлі де жинақталуда.
Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы:
-Мәскеу, Орынбор, Қазан, Петербург қалаларында Ілияс Жансүгіровтің көптеген еңбектері сақталып қалған. Мысалы Ілияс Жансүгіровтің біз бұрын бар жоғы 12 поэмасы бар деп ойлап жүргенбіз. Зерттеп қарасақ Ілияс Жансүгіровтің 19 поэмасы бар екен. Сол 19 поэмасының барлығын жинақтап, осы елге халыққа ұсыну мақсатын көздеп отырмыз.
1937 жылы 13 тамызда НКВД-ның жендеттері Ілиястың үйіне келіп, тінтіп, қолжазбаларды, кітаптарды алып, өзін қамауға әкетеді. Арада бір жыл өтпей 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына кесіледі. Саяси жүйенің жазықсыз құрбаны болған қаламгер 1957 жылы ақталады.
Жанар Жандосова, І. Жансүгіровтың жиен немересі:
-Анам Ильфа Жансүгірова мемлекет ақтағанға дейін өзінің әкесінің ұлы ақын екендігін білмеген. Алайда нағашы апам Фатима Ғабитқызы ән салып, өлеңдер оқитын еді. Бірақ бұл шығармалардың кімдікі екенін айтпаған. Мәселен, «Шилі өзен қамыс-ай» әнін елдің бәрі халық әні деп ойлайды. Бірақ бұл әннің сөзін Ілияс Жансүгіров жазған.
Жазушы Мұқтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтың шығармашылығын Абайдан кейінгі аса биік өнер, қазақ поэзиясында бұрын болмаған жаңалық деп бағалаған. Ұлт руханиятының шамшырағы болған қаламгердің мұрасы әлі талай ұрпақтың бағыт ұстар темірқазығы болатыны сөзсіз.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов