СҚО-да астық жинаудан жаңа рекорд орнатылды
Мемлекет басшысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған кеңес өткізіп, түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерге тоқталды. Шенеуніктердің жұмысын сынға алған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Асыл тұқымды малдарды шетелге жаппай сатып жатқандардың ісін майшаммен қарау керек», – деді. Сондай ақ Президент: «Ат шаптырым жерді иеленіп, құр тоздырып жатқандардың мәселесін құзырлы орындар дереу қаперге алсын», – деді.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- СҚО-да астық жинаудан жаңа рекорд орнатылды. Мұндағы шаруашылықтардың бірінде диқандар бір гектар жерден 70 центнерден асатын өнім алған. Өңірде бұрын-соңды мұндай көрсеткіш тіркелмеген еді. Қазір аймақта орақ науқанының қызған шағы. Биыл облыс бойынша 4 млн 200 мың гектар жерге дән себілген.
Шаруалар жиын-терінге білек сыбана кіріскен. Осы күні облыс бойынша астықтың 40% жиналыпты. Жаңбыр жиі жауған соң, егін бітік шықпай қалуы бек мүмкін еді. Бірақ биылғы өнім аста-төк.
Астықты өлкенің адымы алшаң. Диқандар: «Қара суыққа дейін қамбаларды толтырып үлгереміз», – дейді. Егін оруға 7,5 мың комбайн жұмылыпты. Жұмысшы күші де жеткілікті. Техниканың көбі биыл сатып алынған.
Мемлекет басшысы осындағы ферма қызметкерлерімен де кездесті. Қазір мұнда 50 адам еңбек етеді. Барлығы қоңсы қонған ауыл тұрғындары.
Инга Садықова, сауыншы:
- Шаруашылықта жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болды. Жалақы уақытылы төленеді. Мұндағы қызметкерлерге арнап үй салып жатыр. Жақын уақытта көшеміз. Фермада 600-ге жуық сиыр бар. Барлығын Германиядан алып келген. Олар күніне 11 мың литр сүт береді.
Сүт өнімдеріне сұраныс көп. Айранды да, сүзбені де өздері дайындайды. Іргедегі Ресейге де тасымалдап жатыр. Арнайы субсидияның арқасында осындай толайым табысқа кенеліп отыр. Бірақ Президент: «Субсидияны оңды-солды тарата беруге болмайды», – деді. Тек басым бағыттарды ғана қолдау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз субсидияны барлық секторға бөле алмаймыз. Олардың негізгілерін ғана таңдап алуымыз керек. Әйтпесе қазір мемлекеттен қаржылай қолдау алып, соны басқа мақсатқа жұмсап жатқандар көп. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі басым бағыттарды дереу анықтасын.
Министрлер өздігінен шешім қабылдай алмайды. Яки созбақтап жүріп алады. Саланы дамытуға арналған кеңесте Президент осылай деп дүрсе қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Министрлер жылдам шешім қабылдай алмайды. Осы салаға жауапты болған соң, жауапкершілікті де сезіну керек. Кезінде министрліктердің санын не үшін қысқарттық? Оларға «дербес шешім қабылдауға мүмкіндік берілсін» дедік. Бірақ дұрысталған жағдайды көз көрмеді.
Біз тіпті минералды тыңайтқыш шығара алмаймыз. Бар-жоғы 12 кәсіпорын бар. Солардың өзі ішкі нарықты толтыра алмай отыр. Сондықтан шаруалар амалсыз шетелдік өнімге жүгінеді. Жылда «астық бітік шықты» деп бөрікті аспанға атамыз. Бірақ жиынға тартылатын техниканың көбі тозып тынған.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Елімізде игерілмей жатқан жер көп. Шамамен 16,5 млн гектар алқап қаңырап тұр. Президент: «Солардың барлығын қолынан іс келетіндерге беру керек», – деді. Бай-бағландар иеленген телімдерді мемлекет меншігіне дереу қайтару керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бас прокуратура елімізде игерілмей бос жатқан 37 мың аумақты анықтады. Олардың кадастрлық құны 700 млрд теңгеден асады. Бос телімдер бес жылдан бері өңделмеген. Жер – халықтың байлығы. Сондықтан бос телімдерді шын беріліп жұмыс істейтіндерге беру керек.
Салаға жауаптылар асыл тұқымды ірі қараға қызығып, бір жылдары қыруар қаржыға мыңдаған бас сиырды да, өгізді де алдырып еді. Солардан көл-көсір өнім аламыз деп сендірген. Бірақ сол сенім ақталмады. Сорақысы сол, шетелден әрең алдырған малды кей пысықай қазір жаппай сатып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылы 56 мың ірі қара мал басын экспорттадық. Жыл басынан бері 75 мың мал басы шет мемлекеттерге жіберілді. Арасында буаз малдар да бар. Біз соларды шет мемлекеттерден сатып алуға ақша бөліп жатырмыз. Ал пысықайлар керісінше, өзге елдерге жанталасып жөнелтуде. Мұны қалай түсінуге болады? Елбасы осы мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырған. Бірақ министрлік ешқандай жұмыс атқарған жоқ.
Отандық ауыл шаруашылығы саласы ғылымға мұқтаж. Бізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлес қоса алатын ғалымдар тапшы. Көбі шетелден келген ғалымдарға нөкер болып қана жүр. Мемлекет басшысы: «Осы жайтқа назар аудару керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық ғылыми орталықта жұмыс істейтін адамдардың тек 20% ғана ғылыми дәрежені алған. Қалғаны техникалық функцияларды атқарады. Былтыр зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін шетелден 31 ғалым шақырттық. Биыл 54 маманды алдырып отырмыз. Осының жалпы пайдасы бар ма?
Жиын соңында Мемлекет басшысы еліміздегі елді мекендерді дамытуға қатысты тапсырмалар берді. Ауылдарды алдымен ауыз сумен қамту қажет, шалғайдағы тұрғындарға көгілдір отын тартылуы керек. Сапалы білім берілуі тиіс. Білікті дәрігерлерді жұмылдыру қажет. Осының барлығы құр айтылған сөз емес. Сала жауаптылары бас ауыртатын мәселе.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев