SPE симпозиумында еңбек қауіпсіздігі мәселелері қаралды
Бұл тақырыптар елордада басталған Каспий өңіріндегі мұнай компанияларының тұңғыш SPE симпозиумында талқыланды. Оған 300-дей отандық және шетелдік маман жиналды.
«ҚазМұнайГаз» – еліміздегі көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қызмет атқаратын ұлттық оператор. Құрамында 180-ге жуық ірілі-ұсақ компания бар. Оларда 80 мың адам жұмыс істейді.
Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Адам өмірі мен оның денсаулығы қандай да өндірістік көрсеткіштен жоғары. «ҚазМұнайГаз» бұл бойынша жоғары стандарттарды сақтауға ұмтылады. Тек осы жылы біздегі өндірістік жарақат алу дерегі 25% азайды.
Ендігі мақсат – жарақат алу көрсеткішін нөлге жеткізу. Ол үшін соңғы бес жылда 20-дан аса жаңа бастама көтеріліпті. Онда барлық қызметкерге өндірісте қауіпсіздік шараларын сақтау мен жауапкершілігі белгіленген. Айта кетейік мұндай симпозиум біздің елде бірінші рет өтуде.
Қайрат Сақтағанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ЕҚОҚ тең басқарушы директоры:
- Society of Petroleum Engineers дүниежүзілік мекеме өткізіп отыр. Оған жүзден аса ел мүше.
Олав Скар, Мұнай және газ өндірушілері халықаралық қауымдастығының қауіпсіздік бойынша директоры:
- Қауіпсіздік жұмысшының жарақат алуына ғана қатысты емес. Табиғатқа зиян келтірмеу жағын да есте ұстауға тиіспіз. Осындай жиындарда бас қосуымыз бұл бағытта бірлесе әрекет етуге, нақты шешім қабылдауымызға мүмкіндік береді.
Басқосудың күн тәртібінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік тақырыптары да қамтылды.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев