«Қорқыт ата» дастанының 13-нұсқасы табылды
Ирандағы кітап коллекционері Вели Мухаммед Ходжа Қорқыт ата мұрасының құнды бөлігін Тегерандағы ескі кітапханадан тапқан. Кейін неміс, түрік ғалымдары бірлесе зерттеп, эпостың тағы бір қолжазба нұсқасы екені дәлелденді.
Вели Мухаммед, коллекционер:
- Таста жазылғанда «кітап болмайды» деп көп адам айтты. Содан ақырында Қазақстанға, Түркияға да өткіздік. Онда бірталай ғалым көріп, қуанып: «Бұл жақсы кітап, пайдаланамыз», – деді. Қызылордаға әкеліп беру ниетімде бар.
Шағатай тіліндегі кітап шағын болса да, ішіндегі деректер ғалымдар үшін өте бағалы дүние болары сөзсіз. Сондықтан көшірме үлгісі қазақстандық зерттеушілерге ұсынылды.
Асқар Тұрғанбаев, Қазақстанның ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы өкілі:
- Қорқыт ата дастанының екі нұсқасы бар: Дрезден мен Ватикан нұсқасы. Енді бұрын жалпы саны 12 дастан болса, мынау 13-ші дастан. Бұл нақты дәлелденді. Қазір әлем тілдеріне аударылып жатыр.
Фестивальге Түркия, Иран, Әзербайжан, Башқұртстан, Саха елдерінен дәстүрлі өнердің майталмандары қатысты.
Шара аясында шеберлік дәрістер, ал Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешенінде ұлттық бұйымдар көрмесі мен гала-концерт ұйымдастырылды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов