БҚО-да бұралқы ит-мысықтарды аулаудың жаңа ережесі күшіне енді
Бұрын ит-мысықты 3 күннің ішінде иесі іздеп келмесе, көзі жойылатын. Бұл тәсіл мәселені түбегейлі шеше ала ма, әлде бюджет қаржысын босқа шаша ма?
Юлия Асиновская – жануарлардың жанашыры. «Иттерді көшеде көптің көзінше ату, жалпы оларды жою жөн емес» деп аттандағалы біраз болыпты. Қоғамдық бірлестік құрып, үйдің ауласынан тәлімбақ ашқан.Ол көшеде қалған төртаяқты тіршілік иелеріне қамқор болып, жаңа қожайын тапқанша асырап-бағады.
Юлия Асиновская, қоғамдық бірлестік жетекшісі:
- 8 жыл бойы осымен айналысып келеміз. Қазір мұнда 50-дей ит бар. Енді бұрынғыдай жануарларды өлтірмей, кастрация жасап, өз ареалдарына қайта босатып жібереді дегенді естіп жатырмыз. Бұл – жақсы жаңалық.
Орал қаласында жылына 5 мыңдай бұралқы ит-мысықтың көзі жойылады. Бұл мақсатқа қазынадан 28 млн теңге қаралады. Енді жаңа ережені жүзеге асыруға жылына 75 млн керек көрінеді-мыс.
Лауаз Уәлиев, Орал қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:
- Бұл жұмыстарды жүргізу кезінде адамдардың құқықтық заңдылықтары, адамгершілік, әлемдік стандарттарға сәйкестігі, бәрі де сақтала отырып жүргізіледі. Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін 3700-дей ит жойылған болатын. Жыл аяғына дейін 1000 бас қалған итті енді жаңа ереже бойынша жүргіземіз деп отырмыз.
Қазір жаңа ереже бойынша мердігерді анықтауға конкурс жүріп жатыр. Сонда жануарларды тек кастрациялап қана қоймай,түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егіп, чип салып, мәліметтер ортақ базаға енгізілмек.
Бекжасар Сидихов, ветеринарлық клиника меңгерушісі:
- Қаңғыбас иттерді әкелгеннен кейін қанын тексеріп, нәжісін алып, нәжістен жұмыртқалар, әртүрлі гельминттер зерттелінеді. Жалпы паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу шараларын жасайды. Чип жануарлардың өзінің өмір сүріп жатқан ортасында бақылап, қадағалап отыру үшін қажет. Оның қай жерде жүргені бақыланады. Біреуді қауып алған жағдайда да ол чиптің көмегі көп болады.
Жануарларға қатысты жаңалықтың жақсы жақтарын ешкім жоққа шығармайды. Алайда оның түпкілікті тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да бар. Мәселен, қоғам белсендісі Юлия Асиновская ең алдымен адамдардың жануарларды асырау мәдениетін қалыптастыру керек деп санайды. «Тек көшедегі емес, үйдегі ит-мысыққа да стерилизация қажет», – дейді ол.
Юлия Асиновская, қоғамдық бірлестік жетекшісі:
- Көшедегі иттер қайдан шығады? Жеке үйлердің ауласында өседі. Кейін қожайыны қаңғытып жібереді. Олай болмас үшін тұрғындардың жауапкершілігін арттырса, иесі бар ұрғашы иттерге де стерилизация жасатса, орынды болар еді. Соған жеңілдік қылатындай қаржы қаралса екен. Бізге жақында қоқыс контейнеріне тастаған 7 күшікті алып келді. Обал, асырап отырмыз. Осындай адамдарды тауып, айыппұл салу керек қой.
Қоғам белсендісінің түпкі ойы түсінікті. Биыл 5 мың итті стерилизациядан өткізіп, көшеге жіберсек, келесі жылы иесі қаңғытып жіберген тағы 5 мың жануар солардың қатарына қосылады. Сондықтан бұл да көңілге медеу болғанмен, проблеманы түбегейлі шешпейтін түрі бар.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов