Атырауда мұнай төгінділерін тазарту жұмыстары басталды
Қала ортасындағы зиянды мекеме 13 жыл бұрын сот шешімімен жабылғанымен, орнында жүздеген тонна қарамайға кілкіген апандар мен май қазандары қалған. Бұл қоршаған ортаға залал әкеледі деп тұрғындар дабыл қаққан. Азаматтық кеңес мүшелері редакциямызға арыз айтты. Мәселе «Хабар» арнасынан көтерілген соң, бас транспорттық прокурор жағдайды бақылауына алды.
Көпшіліктің дабылынан кейін теміржолшылар тарапынан қозғалыс байқала бастады. Ондаған жылдар бойы қараусыз қалған мекеменің ендігі әрекетін жергілікті тұрғындар қалт жібермей қадағалап отыр. Әйтеуір көп қалауы қанғаттандырыла бастағандай. Міне енді ғана жауаптылар жұмысқа кірісті.
Абай Есқалиев, теміржол компаниясының өкілі:
- Қазіргі таңда бұл жерде екі мұнай қалдықтарымен ластанған цистерна алынды. Теміржолдың беті, жоғарғы қабаты алынып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын бұйырса, осы қазан айының аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Одан кейінгі кезекте мұнай қалдықтарын тазалап, залалсыздандыру жұмыстары басталады. Тұрғындар тарапынан құрылған Азаматтық кеңес мүшелері мен көлік прокуратурасы бақылауда ұстауда.
Саят Сейітжан, Атырау көлік прокурорының орынбасары:
- Көлік прокуратурасы мұнай қалдықтарының толықтай тазалануын басты назарда ұстап отыр. Біз бұл жұмыстардың толықтай аяқталуына дейін бақылауды жалғастыратын боламыз.
Көпшіліктің мұң-мұқтажы толық қанағаттандырылмайынша журналистердің де бұл мәселе басты назарында болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев