Петропавлдық полицей Мейірбек Мейрам: Полиция қызметкері өз ісіне адал болуы керек
Бұл петропавлдық тәртіп сақшысы Мейірбек Мейрамның ұстанымы. Жас маман биыл қызметін атқарып жүріп өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тікті. Нақтырақ айтсақ, Есіл өзеніне балық аулауға келген азаматты ажалдан құтқарып қалды.
Жаздың күні. Таңғы 05:00. Балық аулауға келген 22 жастағы қала тұрғыны қайықта отырып, ұйықтап кетеді. Қатты ағыстың салдарынан гидроторапқа қарай беттеп бара жатқан жүзу құралын осы маңда жүрген азаматтар көріп, бірден «102» нөміріне хабарлайды. Бұл кезде полиция қызметкері Мейірбек Мейрам кезекшілікте жүрген. Бұйрықты ести салысымен оқиға орнына жеткен ол өз өмірін қатерге тігіп, мұздай суға секіреді.
Мейірбек Мейрам, қалалық Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:
- Жағалауға түскенде дамбаға өте жақын қалды. Сол себептен шешінуге тура келді. Оны алып шығуға суға түстім. Ол ұйықтап жатты. Қайыққа мінгенде басын көтеріп, алдап сөйлесіп, жағалауға алып шықтым.
Мейірбек Мейрам бұл күнді қорқынышпен еске алады. Өйткені өзгенің өмірі үшін өзі құрбан болып кетуі де ғажап емес еді. Бұл оқиғадан кейін әріптестерінің де оған деген құрметі артқан. Жұмыста мәртебесі жоғарылап, тіпті жақында офицер атанды.
Жаңалық Қосманов, қалалық Патрульдік полиция батальоны қызметінің рота командирі:
- Әрбір полиция қызметкері өз міндетін адал атқару керек және отқа да, суға да дайын болуы керек. Солардың бірі –Мейірбек. Өз міндетін адал атқарып, жастарға үлгі болып жүр. Сондай қызметкер арамызда міндетін атқарып жүргеніне қуаныштымыз.
24 жастағы жас маман – негізінен Қарағанды облысының тумасы. Адам өмірін құтқарып қалғаны үшін Полиция департаментінің бастығы барша гарнизонның алдында оны алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапаттады. Себебі сақшының жасаған ерлігі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екені даусыз.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев