Шағын және орта бизнестен түсетін салық жергілікті бюджетке қалады
Арнайы заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Аталған қадам өңірлерде кәсіпкерлікті дамытып, олардың республикалық бюджетке тәуелділігін азайтуы тиіс. Салық өңірлерде қалатындықтан республикалық бюджет түсімі 2020 жылы 423 млрд теңгеге, 2021-де 487 млрд-қа, 2022 жылы 541 млрд теңгеге қысқармақ. Сондықтан да облыстарға орталық бюджеттен бөлінетін субвенция азайтылады. «Алайда бұл жайт облыстардағы халыққа қажетті әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына кесірін тигізбеуі тиіс», – деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Корпоративтік табыс салығы сыртқы нарық талаптарына тәуелді кәсіпорындардың есебінен құрылады. Қандай жағдай болған күннің өзінде өңірлер ең әуелі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыратын қаражатсыз қалмауы керек. Сондықтан Үкімет корпоративті табыс салығын жергілікті деңгейге беру бойынша реформаны жүргізу барысында осыны ескерсе игі. Әсіресе субвенциямен күн көріп отырған өңірлерге бірінші кезекте назар аударылуы тиіс.
Айта кетейік, елімізде жиналатын барлық корпоративті табыс салығының көлемі 1 трлн 600 млрд теңге. Ал шағын және орта бизнес өкілдерінен түсетін салық 400 млрд теңге шамасында. Дәл осы қаржы өңірлерге бағытталмақ. Субвенциялық өңірлерге салық түсімі жеткіліксіз болса, трансферттен қосымша қаражат бөлінбек.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Республикалық бюджет көп жоғалтпайды. Жергілікті атқарушы органдардың қазынасы өзін-өзі басқару жүйесі бойынша қадағаланады. Жалпы біз бұл салық түсімдерінің аудандарға, ауыл-аймақтың экономикасын көтеруге жөнелтуді ұсынамыз.