ШҚО-дағы цемент зауытында 79 жұмысшы қысқарды
Осының кесірінен 79 жұмысшы бір күнде қысқартуға түсті. Зауыт басшылығы жаппай қысқартудың себебін өндірістің жаңа технологияға көшуімен және өнімнің азаюымен байланыстырады. Ал еңбек нарығын зерттеп жүрген мамандар кез келген өндірістегі реформаның кесірі жұмысшыларға тимеу керек деп санайды.
Бір күнде қысқартуға түскен 79 жұмысшының көбі талай жыл осы цемент зауытында жұмыс істеген. Араларында зейнет жасына санаулы жылдар қалғандар мен жалғызбасты аналар да бар.
Анна Думбаева, цемент зауытының жұмысшысы:
- Таңертең еш алаңсыз жұмысқа келгенмін. Сағат 10:30 кезінде цех бастығы телефонмен жұмыстан босағанымды айтты. Ешқандай алдын ала ескертіп, құжат та көрсеткен жоқ. Естігенде басыма жай түскендей болдым.
Надежда Фарафонтова, цемент зауытының жұмысшысы:
- Мені де ескертусіз қысқартып тастады. Күндіз жұмыста болдым. Ауысымнан соң қысқарғанымды естідім. Қайда барамын? Зейнетке 2,5 жыл ғана қалып еді.
Жұмыссыз қалған тұрғындар талай жылғы еңбектерінің еленбегеніне қынжылады. Ал кәсіпорын басшылығы еңбек туралы кодексте жұмыс беруші келісімшартты біржақты бұза алады деген бапты басшылыққа алған. Бірақ жұмыскерге алдын ала ескерту жіберіп бір айлық өтемақы беруге міндетті деген бапты естен шығарған. Алайда зауыттың Кәсіподақ ұйымының төрағасы қысқартудың себебін жұмысшылардың өзінен көріп отыр.
Лариса Синицина, цемент зауыты Кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Кәсіпорын басшылығы ең алдымен қаржылық жағдайына қарайды. Соған сәйкес оңтайландыру жұмысын қолға алды. Қысқартуды бастамас бұрын біз заңгерлер және Еңбек департаменті мамандарымен кеңестік. Жұмысшылардың құқығын қорғау үшін барлық мүмкіндікті қарастырдық. Бұл жерде жұмысшы ең алғаш еңбек туралы келісімшартқа қол қойғанда қателік жібергені көрініп тұр.
Цемент зауыты басшылығы мен жұмысшылар арасындағы еңбек дауына Алтай ауданы әкімдігі де араласты. Мәселені жан-жақты талқылаған соң қысқартуға түскен жұмысшылардың жартысы бұрынғы орнына қайта оралды.
Нұржан Тоқсейітов, Алтай ауданының әкімі:
- Бұқтырма халқымен кездестім. Бұқтырма зауытының басшысымен тікелей кездесіп, осы мәселені шешуіне талап қойдым. Енді осы 6 зейнеткер, 11 адам жұмысқа орналасты. 40 адам мердігер компанияға орналасады. Қалған 22 адам 2 күннің ішінде жұмысқа орналасады.
Қазіргі еңбек туралы заңда жұмыс берушінің мүддесі көбірек қорғалған. Осыдан соң әсіресе жеке кәсіпкерлер келісімшартты өз ыңғайларына қарай жасайды. Ал кез келген өндіріс автоматты басқаруға көшерде әуелі жұмысшылардың мәселесі шешілуі тиіс.
Сәуле Құрамғожанова, техника ғылымдарының кандидаты:
- Машиналармен, роботтармен автоматты үдерістерді басқаратын – адам. Сондықтан адамды жаңа біліктілікке, жаңа мамандыққа, жаңа деңгейге көтеру керек.
Жаңа деңгейге көтеру үшін әр кәсіпорында жұмысшыларды қайта даярлау бағдарламасы болуы шарт. Ал цемент зауытында ондай жоба жоқ екені белгілі болды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин