Ауылшаруашылық құрылымдары демеуқаржыға қол жеткізе алмай отыр
Оған инвестициялық салымдарға берілетін субсидияны қосқанда Жайық шаруаларына барлығы 3 млрд-тан астам теңге төленуі қажет.
Жарас Жамансариевтің шаруа қожалығы – Тасқала ауданындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі. Ол егін және мал шаруашылығын тел ұстап, тең дамытып келеді. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіреді. Биыл жыл басында трактор, тіркеме, тұқым сепкіштерді алған екен. Алайда әлі күнге техника құнының 25% мемлекеттен өтелуі тиіс субсидияны ала алмай отыр.
Жарас Жамансариев, қожалық жетекшісі:
- Субсидия – ауыл шаруашылығына өте керек нәрсе. Онсыз бізге жұмыс істеуге өте қиын. Техника, бөлшектер де қымбат екенін бәріміз біліп отырмыз. Бұл заттар бізде жоқ. Бәрі Ресейден, шетелден келіп жатыр. Ал доллар курсы өссе, техника да қымбаттайды.
Күні бүгін өңір шаруаларына төленуі тиіс субсидияның жалпы көлемі 3 млрд теңгеден асады. Оның дені – мал өнімдеріне берілуі тиіс демеуқаржы. Техника алғанға, күн батареясын орнатқанға, құдық қаздырғанға көрсетілетін инвестициялық көмек тағы бар. Жыл басында мал шаруашылығын қолдауға деп бөлінген 3,2 млрд, инвестициялық салымдарға қаралған 2,5 млрд теңге жаз болмай жатып толық игеріліпті. Содан бері қосымша қаржы сұрап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне талай хат жіберіліпті. Әзірге нәтижесіз.
Нұргүл Мұқанова, Ауылшаруашылық басқармасының бас маманы:
- Өзге бағдарламалардан үнемделген 1 млрд 200 млн теңгені қайта бөлу туралы облыс әкімдігі тарапынан маусым айынан бастап бірнеше мәрте хаттар жолданды. Аталған қаражат қайта бөлінген жағдайда игеруге толық мүмкіндік бар. Егер қаржы осы жылға бөлінбесе, түскен өтініштерге сәйкес субсидия келесі жылы төленетін болады.
Ауыл шаруашылығы – қашан да шығыны, тәуекелі мол сала. Егер мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаса, отандық өнім импорттық тауар тасқынына төтеп бере алмайды, сауда сөрелерін шетелдік азық-түлік басады. Бұл – сала маманы Қатауолла Ашығалиевтің пікірі. Облыстық мәслихат депутаты осы мәселені түрлі келелі кеңесте жиі көтеріп жүр.
Қатауолла Ашығалиев, облыстық мәслихат депутаты:
- Шаруа қожалықтарының жағдайы өте жаман. Неге десеңіз, сол субсидияны алам деп кредит алады. Кредитті қайтару керек. Бізде сусбидиялау көлемі 3% құрайды, ал Ресейде 10%, Беларуста 18%. Енді есептеңіз, егерде субсидияны көбейтіп және уақытында төлемесе, ертең біз Ресейдің, Беларустың ауыл шаруашылығына ақша төлейміз.
Әділдігін айтайық, ауылшаруашылық саласын қолдаудан мүлде кенде деуге келмес. Өткен жылы өңір шаруаларына 11 млрд 293 млн теңге демеуқаржы төленсе, биыл берілген субсидия мөлшері 15 млрд-тан асыпты. Енді осының үстіне қосымша 3,5 млрд теңге қажет екен. «Бұл осы саланың, әсіресе мал шаруашылығының қарқынды алға басып келе жатқанын аңғартады», – дейді мамандар.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов