Қарағанды облысында құсбегілердің халықаралық сайысы өтті
Қарағанды облысында өткен халықаралық құсбегілер сайысына қатысушылар қатары осыны аңғартады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен дүбірлі додада еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстан мен Моңғолиядан жиналған 80-ге жуық бүркітші бағын сынады. «Ұлы дала мұрасы» деп аталатын игі шара Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Көк байрағымызда өрнектелген байтақ елдің еркін құсын кешегі бабаларымыз олжа алатын қолғабысқа айналдыра білген. Қыранын баптап, сайын далада саят құрып, қанжығасын майлап жүрген құсбегілер қазір де аз емес. Оны Ақсу-Аюлы ауылында өткен қансонарда аңғардық. Халықаралық жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов алыс-жақыннан жеткен ағайынға аймақ басшысының сәлемін жеткізді.
Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Осындай жарыстар жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттауға зор ықпал етеді. Ұлттық спорт түрлері қазақ халқының көне дәстүрлерімен тығыз байланысты. Ерте кезде елдің қорғаны саналған ер-азаматтар, жастар осы ұлттық ойындар арқылы ептілікке, шыдамдылыққа дағдыланған.
Дүбірлі додаға еліміздің барлық облысынан көршілес Моңғолия мен Қырғызстан елінен 80-ге жуық бүркітші келген. Жарыстың алғашқы күні құсбегілер қыранын қияға ұшырып, қолына қондырды және шырғаға салды. Әділ-қазылар алқасы құстың тек бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-сайманына да баға берді.
Ғабит Таңатов, құсбегі:
- Ителгілер аңды теуіп, түсіріп алады. Бүгінгі жарыста кімнің ителгісі көбірек тебеді, сол бірінші орынды алады. Егер еті жоғары болатын болса, ол табиғатқа ұшып кетеді. Ал еті төмен болса, ұша алмай қалады. Соның бабын тауып, әдемі ұшырған адам, әрине, құсбегі.
Бұл күні сондай-ақ жеті қазынамыздың бірі құмай тазылардың да жарысы өтті. Кәнігі мамандар 35 иттің арасынан ең жүйрігі мен ең иісшілін анықтады. «Мақсатымыз – таза қанды тазыларды табу», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин