Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 2 мыңдай адам қаза тапты
590 азамат түрлі дене жарақатын алған. Полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоқжұмановтың айтуынша, 22 адамның көз жұмуына жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы себеп болған. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен 124 жол-көлік оқиғасы болып, 7 адам көз жұмды. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін елордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен арнайы акция өткізіліп жатыр. Бұқара көп шоғырланған орындарда жол апатынан жарамсыз күйге түскен көліктерді көпшілікке көрсетті. Ескерту парақшалары таратылып, насихат жұмыстары жүргізілді.
Алдын алу мақсатымен қауымдастық өкілдері жарамсыз көліктерді қоғамдық орындарға әкеп қойды. Көпшілікке көрсетті. Көкейлеріне түйсін деген шығар. Себебі жылда әлемде жол апатынан 1,5 млн адам қайтыс болады екен.
Василий Климаков, қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Шараның мақсаты – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын аудару. Бір сәтке болса да мына көлікті көріп, ой түйер. Айтпағымыз: темір тұлпардың қаншалықты пайдасы болса, соншалықты зияны бар екенін ескерту. Бұл ретте кімде-кім тиісті жол ережесін сақтаса, қауіп-қатерден аулақ болады. Сондықтан абайлағандарыңыз абзал.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар, не мас күйінде рөлге отырғандар.
Елордада биыл 469 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 29 адам қаза тауып, 590-ы жарақат алған. Жол ережесін сақтамаған жүргізушілердің кесірінен 22 адам көз жұмған. 469-ы жапа шеккен. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Одан 7 адам қайтыс болып, 121 азамат түрлі дене жарақатын алған.
Бауыржан Тоқжұманов, Полиция басқармасының аға инспекторы:
- Жол-көлік оқиғасына соқтыратын жағдайлар: жол ережесінің бұзылуы, яғни бағдаршамдардың тыйым салынған белгісінен өтуі, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған жол-көлік оқиғаларын алдын алу бағдарламалары бар.
Мамандар жүргізушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгеріп алуға кеңес береді. Себебі жедел жәрдемді дұрыс көрсеткеннің арқасында 100 адамның 60-ын аман алып қалуға болады екен. Елімізде жыл сайын жазатайым апаттан 1 846 адам бақилық болатынын ескерсек, алғашқы медициналық жәрдемнің септігі адам шығынын айтарлықтай азайтуға көмектесетінін байқаймыз.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аян Сәрсенбаев