Азық-түліктің қымбаттауына жол берген жергілікті билік өкілдері жауапқа тартылады
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі осындай ұсыныс айтты. «Бірқатар өңірде күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы өскен», – дейді Бақыт Сұлтанов. Ал тұрақтандыру қорлары мен қоймалардың жұмысы көңіл көншітпейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бағаны ұстап тұру бойынша бюджеттен қомақты қаржы сұрамайтын баламалы тетіктер де бар. Біріншіден, «айналым схемасы» деген механизм бар. Сондай-ақ әлеуметтік маңызды тауарларды сатудың қарсы белгіленген міндеттемелері бар. Сауда желілеріне жеңілдетілген қаржы беру іске асырылуда. Ағымдағы жылы айналым схемасы 4 пилоттық өңірде іске асырылды. Нұр-Сұлтан, Қызылорда және Қостанай қалаларында бюджет қаражаты көзделгеніне қарамастан, әлі күнге сауда желілерімен шарт жасалмаған және әкімдіктермен бағаны төмендету бойынша нақты жұмыстар жүргізілмеген.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баға саясатына дұрыс бақылаудың жоқтығын айтып, жауаптыларды сынға алған болатын. Жыл басынан Атырау, Павлодар, Жамбыл облыстары мен елордада әлеуметтік маңызды тауарлар қымбаттаған. Ал Қызылорда, Шымкент пен Түркістанда жеміс-жидек, нан мен сиыр етінің бағасы көтерілді. Үкімет басшысы Асқар Мамин бір аптада бағаны тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімді нақты шаралар әзірлейтін топ құруды тапсырды. Сондай-ақ құзырлы министрліктердің бағаға жауапты өкілдері бірнеше өңірде әкім орынбасарлары тәртіптік жауапқа тартылады.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Премьер-Министрдің кеңсесі үш күннің ішінде азық-түлік баға өсімінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізсін және атап өткен Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Тараз, Жамбыл облысының әкімдерінің орынбасарларын белгіленген тәртіптік жауапкершілікке тартып, Үкіметті хабардар етсін.