Келер жылы 1338 ауылдық округтің дербес бюджеті болады
Жалақының аздығынан ол жерге ешкім бара қоймайды. Мұндай кадр тапшылығы ауылдық округтерде төртінші деңгейлі дербес бюджетті орындауға кедергі болып отыр. Мәжілісте Үкімет сағаты өтіп, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округтің дербес бюджетті жүргізу тәжірибесін баяндады. Министрдің айтуынша, қазір Қазақстандағы бір селолық округтің орташа бюджеті 125 млн теңгенің төңірегінде, тіпті бюджеті 1 млрд теңгеден асып кететін елді мекендер де бар. Келер жылы 1 қаңтардан бастап тағы 1338 ауылдық округтің дербес бюджеті болады. Бірақ депутаттар дербес бюджетті енгізуде бірқатар мәселені атады. Оның бірі – кадр мәселесі. Ауылға «заңгер мен бухгалтерлер жетіспейді» десе, мәжілісмен Уәлихан Қайназаров ауыл әкімдерінің кәсібилігіне күмән келтіріп отыр.
Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыл әкімдері арасында қаржылық құқық жөнінен сауаты бар адамар өте аз. Мысалы орта мектептің сурет пәні мұғалімі ауылдың әкімі болып тағайындалған жағдай да болған. Енді оған округтің бюджетін жоспарлауға тура келеді. Осы ретте алда келе жатқан мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту науқанына бос вакансиялар ілігіп кетпесін дейміз. Себебі бұл мәселе мемлекеттік қызметкердің жүктемесін арттырады, ал бұл түптеп келгенде көрсетілетін қызметтің сапасын нашарлатады.
Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір кездері мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік «жоғары білімі бар адамдар ғана ауылдық округтердің әкімі бола алады» деген бұйрық шығарған болатын. Ал біздің ауылдарда кімнің жоғары білімі бар? Тек мұғалімдер мен полиция қызметкерлерінде ғана. Бізде орта білімді, қаржылық, өмірлік тәжірибесі бар адамдар бар. Бірақ сол бұйрық оларды ауыл әкімі лауазымына тағайындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл шешімді қайта қарауды ұсынамын.