15 жыл ішінде Ақтөбе облысында жылқы саны екі есе көбейген
Өңірдегі 135 мың бас жылқының 17,5%, яғни 23 мыңға жуығы етті және сүтті бағыттағылар болып келеді. Қазір бұл салаға бет бұрған шаруа қожалықтары ғылыми зерттеулерді белсенді қолға алған.
Жылқының Мұғалжар тұқымы өткен ғасырдың орта тұсында Ақтөбе облысы төңірегінде дүниеге келген, һәм қазақы жабының бір артықшылығы – суыққа төзімді болып келуі. Жыл бойы тебіндеп жайылып, қолға тұратын сәті өте сирек. Сондықтан шығынды да көп қажет етпейді. Болмысынан ірі келетін жануардың таза салмағы жарты тоннадан 600 келіге дейін жетеді. Жергілікті мамандар одан да ірі тұқым шығаруға еңбектенуде.
Серікбай Рзабаев, «Ақтөбе тәжірибе станциясы» ЖШС жылқы шаруашылығы меңгерушісі:
- Бұл жылқы тұқымында кейбір айғырлар ірі, 644 келі болып келеді. Мысалы ресейлікпен салыстырғанда 144 келі артық. Ал ол тек жайылымда, ешқандай жем-шөпсіз, шығынсыз болған. Болашақта енді айғырлардың аталығына қоса жаңа аталық іздер шығармақпыз. Олардың салмағы мына шыққан тұқымнан артық болуы керек.
Қазір өңірде мал тұқымын асылдандыруға бағытталған шаралар кеңінен қолға алынған. Дегенмен халықаралық деңгейде түркіменнің ақалтекесі және Францияның першеронымен терезесі тең түсуі үшін мемлекеттік қолдауды талап етеді. Мәселен, қазір облыста кәсіби селекциялық орталыққа сұраныс туындаған.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Төрт түлік малдың қай-қайсысын да өсіруге толық мүмкіндік бар. Соның ішінде жылқы малының алар орны ерекше. Оған лайық жағдай да бар. Жайылым да жеткілікті. Біз күні кешеге дейін жылқы малын Ақтөбенің бренді ретінде асылдандырудың ғылыми жолын негіздеген өңірміз. Оны мақтанышпен айта аламыз.
Қашан да ер қанаты саналған жылқыны асылдандыру үрдісін үдету үшін ғылымның заманауи жетістіктерін өндіріске кеңінен енгізу қажет. Бұл бағытта облыс басшылығы Корея елінің IT мамандарымен келіссөздер жүргізген. Болашақта өңірдегі асылтұқымды әрбір сәйгүлікте JPS бағдарлаушы орнатылатын болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков