Мүмкіндігі шектеулі азаматты ұрған студент оқудан шығарылады
Бұл туралы Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері хабарлады. Өмірде өте сирек аурумен ауыратын Самат көпшілікке «Кроха» лақап атымен белгілі.
Мукополисахаридоз генетикалық дертіне шалдыққан Самат Рамазановты жатақханада бірге тұратын студент соққыға жыққан. Екеуі де Тұран университетінің студенттері. Қыркүйектен бері бір бөлмеде тұрған. Келеңсіз жайттан бір күн ілгері Самат денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртады. Тексеруден соң дәрігерлер тыныштық керектігін айтқан.
Эльмира Әлиева, қоғамдық қордың төрайымы:
- Ол күні бойы демалып, ұйықтайды. Көршісі қайта-қайта терезені аша берген соң, Самат оған ескерту жасайды. Ол сөз қайтарады. Саматтың айтуы бойынша есікті ішінен құлыптап алып оны соққыға жыққан.
Осы жағдайдан соң Самат дереу ауруханаға жеткізіледі. Бас сүйегіне рентген жасалып, терапевт, кардиологтың тексерісінен өтеді.
Бақытжан Әбдіқадыров, қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім басшысы:
- Диагнозы бойынша бас жарақатын, беттің жұмсақ тіндерінің жарақатын алған. Жағдайы бірқалыпты. Қазір керекті ем алуда. Нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайына қарап 1-2 күнде ауруханадан шығарамыз.
Самат өз дертіне қарамастан, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында клоун болып істейді. Екі күннен бері Саматтың жұмыс орны бос тұр. Бұл жерде ол әртүрлі кітапшалар жасап, онкологиялық ауруға шалдыққан балақайларға сыйлап, көңілдерін аулайтын еді. Сол бүлдіршіндер Саматты асыға күтіп жүр.
Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас тудырды. Самат Рамазанов Бостандық аудандық Полиция басқармасына арыз берген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданады. Университет басшылығы да бейжай қарамайтындарын жеткізді. 30 жастағы клоунға қол жұмсаған 18 жастағы студент оқудан шығарылатын болды.
Рахман Алшанов, Тұран университетінің ректоры:
- Екі жақтың ата-анасы келді. Анасы баласын кешіруді өтініп жылап отыр. Бірақ біз олардың қандай шешімге келгендерін білмейміз. Кешіріп, арызды қайтарып алатын болса, онда іс қозғалмауы мүмкін. Бірақ біз оны кешірмейміз. Ол баланы оқудан шығарамыз. Кейін қайтып келемін десе, өзі біледі.
Туабітті тұқым қуалайтын мукополисахаридоз дертіне елімізде 47 адам шалдыққан. Әзірге бұл дерттің емі жоқ. Қымбат терапия ауруды тек тежейді. Сондықтан ауыр соққы түгілі, артық сөздің өзі Саматтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанина