Бала зорлағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Мәжіліс депутаттары қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын қарады. Заңда бала зорлығына жаза күшейтілді. «Мал ұрлығы» деген арнайы жеке бап енгізілді. Сондай-ақ есірткі сатқандарға да жаза күшейеді.
Адам зорлап айуандыққа баратындар айылын жиса игі. Елімізде енді бала зорлығы үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Мәжіліс депутаттары дәл осы норманы заңнамаға енгізуді ұсынды. Зорлық енді ауыр қылмыс саналады, тараптардың татуласуына жол берілмейді.
Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары:
- Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр.
Бұған қоса педофилия әрекеттерін бұрмалап не көре тұра полицияға хабарламағандар үшін де жауапкершілік бар.
Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Есі дұрыс адам нәрестеге зорлық жасай ма? Мұның бәрі қоғамның салғырттығына байланысты. Соған сәйкес құқық қорғау органдарының жауапкершілігін күшейту керек. Тек қана бір қылмысты ұстап алып сол арқылы өзінің жұмысын көрсеткісі келгендей болатын пікір туады кейде.
Ішімдіктен түк қайыр жоқ. Қылмыстық заңнама енді мас күйі көлік басқарғандардың жүргізу куәлігін 8 жылға алып қояды. Ішкен күйі көлікпен адамды қағып кетсе, 10 жылға түрмеге тоғытылады және өмір бойы көлік тізгіндеу құқығынан айырылады. Тағы бір айрықша жаңалық: Халықтың 42% ауыл-аймақта тұрады, мал ұстайды. Ұрлап ішкен ас болмайды, енді сыбайласып, келісіп, үйір-табынымен мал ұрлағандарға 12 жыл түрме жазасы кесілмек.
Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары:
- Жай құрам үшін 5 жыл ескерілген. Егер адам тобымен алдын ала сөз байласумен ірі мөлшерде ұрлық болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірнеше рет бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.
Жобада тағы есірткіге есі кеткендер мен ақшаға құнығып, таратушыларды жазасы күшейді. Наша тұтыну фактісін қылмыстық құқықбұзушылықтан әкімшілікке ауыстыру ұсынысымен келіспеді. Есірткіні қандай көлемде таратса да, жаза қатаң болуы тиіс.
Нұрлан Нығматуллин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президент есірткі таратуға қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысының осы ұсынысын қолдаған депутаттар нақты нормалар енгізді. Үкімет қылмыстық заңнаманы ізгілендіруді айтып, депутаттардың түзетулерін құптамай отыр. Есірткі қылмысымен күресіп отырған Ішкі істер министрлігі бұған қалай келісіп отыр? Президенттің тапсырмасын қалайша орындаймыз? Біз есірткі таратуға мүлде жол бермеуіміз керек.
Иә, соңғы кезде есірткі сатқандар ашық саудаға шықты. Алматы орталығындағы билбордтарда есірткі заттары жарнамаланған. Халық байқап қалып, полицияға хабарлаған. Көше баннерлерінде сайттың аты белгіленген. Сол сілтемеде есірткі саудасы жайлы ақпарат бар.
Төлеухан Исмаилов, қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары:
- QR-кодты өзгерткен. Қазір осымен құқық органдары айналысып жатыр. Олар онымен кім екенін тапты. Оперативтік және тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Міне, дәл осылай есірткі сататындар сазайын тартады. «Заңсыз есірткі айналымы үшін электронды ақпарат ресурстарды пайдалану деген саралау белгісі енгізілмек. Мұндай қылмыстар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ заңда инспекторды және қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін жауапкершілік қаралған. Ондай қылмыс үшін 20 жыл түрме жазасы бар.
Авторы: Индира Жылқайдарова