Шымкент тұрғындары қоғамдық көліксіз қала жаздады
Жүргізушілер мен кондукторлар жалақысының екі есе қысқарғанына ренжулі. Бірақ соның өзін ала алмай отыр.
Таңертең автопарк жұмысы қоғамдық көліктердің жолға дайындығын тексеруден емес, жүргізушілердің ереуілімен басталды. 5 бағыт бойынша жүретін көліктер бірден жұмысқа шығудан бас тартты. Жүргізушілер жалақыларының қысқарғанына наразы. Әрі оның өзін кешіктіріп беретінін айтады.
Жанғұл Байсейітов, автобус паркінің жүргізушісі:
- Бастапқыда біз мұнда Нұр-Сұлтан қаласынан 180 мың теңге жалақыға келген болатынбыз. Содан кейін айлығымыз 130 мың теңгеге түсті. Енді 60 мың теңге дейді. Бала-шағамыз, отбасымыз бар. Енді не істейміз?
Бауыржан Әбдірахманов, автобус паркінің жүргізушісі:
- Маған 19 күндік жұмысыма 59 600 теңге берді. Сонда әр күніме 3 мың теңгеден төлеп отыр. Мен сонда таңның атысынан кештің батысына дейін бар-жоғы 3 мың теңгеге ғана жұмыс істеймін. Бұл не, келеке ме? Әлде басыну ма?
Жүргізушілер жұмыстың қиындап, жағдайдың ушығып кеткеніне наразы. Әрбір қателік үшін ақшаларының кесіліп жатқанын айтады. Бұл автопарк биылғы жылдың маусым айында ашылған. Ал «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы бұған дейін парктің елімізде баламасы жоқ екенін айтқан болатын. Жүргізушілерге үйіп-төгіп уәде де беріпті. Енді оларды ұры атандырып отыр.
Айгүл Сәлімбаева, автобус паркінің кондукторы:
- Біздің күнделікті жоспарымыз – 37 мың теңге. Одан ұрлайтын ештеңесі жоқ. Міне қараңыз, өзімізге бар болғаны 200-ақ теңге қалды.
Автопарк жұмысының нашарлығын басшылары да жоққа шығармайды. Өйткені олар өздеріне берілген бағыттың тиімсіз екенін, ал табыстың 80% тек жанармайға кететінін айтады. «Шығынға баттық» деп отыр.
Елікбай Тоқбергенов, автобус паркінің жетекшісі:
- Мен өзім қыркүйек айының жалақысын әлі алған жоқпын. Олар 130 мың теңге айлық сұрайды және күніне 10 мыңдап ұрлайды. Бұлай болмайды ғой.
Жанжалға әкімдік пен полиция қызметкерлерінің араласуына тура келді.
Абай Тұрханов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Қазір көлік комиссиясы осы автобус паркіне мемлекеттік субсидия беруді қарастырып жатыр. Кеше бізге хат жолданды, толық есеп айырысу жасалды. Танысып шықтық. Енді қалалық мәслихат мақұлдауы керек.
Автопарк қызметкерлері жалақының уақытында берілмеуі туралы бұған дейін де бірнеше мәрте наразылық танытқан. Алайда мекеменің жүргізушілерден бөлек 200 мыңға жуық басқа да қарызы бар екені анықталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмазан Мусатов