Қарағандылық Руслан Ғаббасов Президент жастар кадрлық резервіне енуді армандайды
Бұл сынаққа мыңдаған адамның ішінен тек 400 үміткер жолдама алған. Соның бірі – қарағандылық Руслан Ғаббасов. 30 жастан енді ғана асқан еңбекқор жігіт қазірдің өзінде бірқатар басшылық қызмет атқарып, мол тәжірибе жинапты. Бүгінгі күні авиация саласында жемісті жұмыс істеп жүр.
Руслан Ғаббасов – Ақтөбе қаласының тумасы. Небәрі 16 жасында Мәскеудегі Н.Э.Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетке оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң квазимемлекеттік секторда еңбек жолын бастайды. Кейін Италияның Милан қаласында біліктілігін жетілдірген. Талапты жігіт соңғы 5 жыл бойы авиация саласында жемісті еңбек етіп келеді. Қазір ол – Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайының басқарушы директоры. Үнемі ізденіс үстінде жүретін алғыр азамат «Президенттік жастар кадр резерві» жобасына қатысып, бағын сынамаққа бел байлапты.
Руслан Ғаббасов, Қарағанды әуежайының басқарушы директоры:
- Бұл жобаға мен бірінші кезекте өз мүмкіндігімді, білімімді, жиған тәжірибемді тексеру үшін қатыстым. Екіншіден, бұл мен секілді жүздеген жастың жоғары лауазымды қызметтерде еңбек етуіне, өз қарым-қабілеттерін көрсетуге жол ашады. Өз басым қай жерге жұмысқа шақырса да, дайынмын. Дегенмен күш-жігерімді квазимемлекеттік секторда, яғни логистика, транспорт саласында сынап көру ниетім бар.
Әріптестері Русланның кез келген істі ұршықша иіретін қабілеті барын айтады. Санаулы жыл ішінде әуежайдың шатқаяқтаған шаруасын жолға қойған. Қазір мұнда тәулігіне 9 жүк және 7 жолаушылар ұшағы қонады. Русланның бастамасымен әлемдегі тағы бірнеше әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келешекте жолаушылар санын 1 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сәрсенбек Күшкінов, Қарағанды әуежайының басқарма басшысы:
- Руслан – еңбекқор. Әуежайдың жұмысы тәулік бойы ғой, күні-түні жұмыс жасай береді. Руслан да – әуежай сияқты тәулік бойы қызмет атқаратын жұмыскер. Ол – адамгершілігі жоғары маман. Руслан – әр мәселені екіжақты қарап, маңызды шешім шығаратын адамдардың бірі.
Президенттік кадрлық резервті іріктеудің 4-кезеңі 27 қараша күні басталады. Руслан өзі секілді 400 азаматпен бірге кезекті сынақтан өтпек. Егер бабы мен бағы қатар шапса, ең үздік 300 үміткердің қатарынан көрінуге мүмкіндік бар. Айта кету керек, әуелде жобаға қатысуға 13 мыңнан астам адам өтініш білдірген екен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков