Мемлекеттік қызметте смартфон пайдалануға қайта рұқсат беріледі
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді. Бұл ақпарат барлық ведомство мен әкімдік қызметкерлерінің арасында қызу талқыланды. Естеріңізде болса, олар осыдан 3 жыл бұрын жұмыс орнында ұялы телефонды қолдану құқығынан айырылған болатын. Енді сүйікті гаджеттерін қайта қолдарына алады.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Жұмысқа келдің бе? Смартфоныңды жәшікке салып, ішке тек өзің ғана кіресің. Өткен 3 жылда бұл мемлекеттік қызметкерлердің үйреншікті әдетіне айналды. Ал мынау да үйреншікті әдет. Сыртқа шыққан бойда смартфонды ақтарып жан-жаққа қоңырау шалуды айтамын. Мемлекеттік мекеме алдында зер салып қарасаңыз, бұл көріністі байқамау мүмкін емес. Айтпақшы, олар да смартфонды қайта пайдалануға рұқсат ететінін естіген.
Бұл қуанышты жаңалықтың авторы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев. Ведомство басшысының айтуынша, тиісті қаулы Үкіметке жолданып, оны барлығы қолдаған.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алынып тасталды деу жарамайды. Оған сол смартфон иесі, яғни мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік орган басшылары жауапты болады.
Ақпараттық қауіпсіздік. Дәл осы себепті смартфондарды жұмыс орнында қолдануға шектеу қойылған болатын. Заңгерлер мұны мүлдем басқа қырынан сынға алуда.
Өзі де қарапайым телефон қолданып жүрген Руслан Әбдіқалықов – смартфонды қайтару бойынша құжатты әзірлеген жұмыс тобындағы маманның бірі.
Руслан Әбдіқалықов, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Осымен біздің министрлікке қатысты шаруа аяқталды. Әр мекемеге арнайы нұсқаулық жіберіледі. Ол Әділет министрлігінде тіркелген сәттен бастап сондағы қызметкерлер смартфонмен жұмысқа келуіне болады. Облыстық әкімдік нұсқаулықты өз аймағындағы Әділет органында тіркетуі керек. Ол қанша уақыт алатынын мен айта алмаймын. Бәрі өздеріне байланысты.
Бұл шектеудің енгізілген сәтінде қарапайым ұялы телефондардың бағасы шарықтап, сатушылардың саудасы қызды. Нақты дерек жоқ десе де, еліміздегі 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің белгілі бөлігі соны алуға мәжбүр болды. Жақын күндері олардың орнын смартфондар қайта алмастырады.
Авторы: Ердәулет Байдуллаев