Түркістанда мөлтек аудан тұрғындары жылусыз қалды
Көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанда мектептер мен балабақшалардың да іші азынап тұр. Бұл олқылықтың қашан ретке келетінін әзірге ешкім нақты айта алмайды. Белгілісі: жылу жүйесіндегі келеңсіздік үшін 4 қызметкер жұмысымен қоштасса, біреуі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Қара суыққа қақталып, жылуға жарымағандардың бірі – Әбдірайымовтар отбасы. Өйткені бұл пәтерде екі қарт кісі мен жас балалар бар. «Жарытып жылу бермегендіктен, түнімен тоңып, дірдектеп шықтық», – дейді отағасы. Жаурағаны соншалық, балалар үйде сырт киіммен жүр.
Әбдуәлі Әбдрайымов, қала тұрғыны:
- Жылу мәз емес. Күндіз сәл береді, кешке қарай өшіріп тастайды. Әйелдер кеше әкімшілікке барған. Жөндейміз деп уәде берген, бірақ әлі орындалмады. Күнде үйде киіммен жүреміз, сонымен ұйықтаймыз.
Жылу тек көпқабатты үйлерде ғана емес, қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған барлық әлеуметтік нысанда жоқ.
Шахиста Патшаханова, қалалық білім бөлімінің бас инженері:
- Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған С.Сейфуллин атындағы мектеп және №17 білім ордасында жылу мөлшері төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Шамамен айтқанда 16-17°С-ты құрайды. Қала бойынша ақау болған соң, кешегі күннен бастап жылу температурасы төмендеді.
Шаһардағы 2 300-ден астам бала білім алып жатқан Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясына да арнайы бардық. Мұнда да сабақ бөлмелері азынап тұр. Мұғалімдер жылудың мардымсыз екендігін айтып шағымданды.
Білім ошағы жылу болмаған соң, екінші ауысымның сабақ кестесіне өзгеріс енгізген. Мұнда оқушылар 30 минуттан оқып жатыр.
Рахила Үрімова, №17 мектеп-гимназиясының директоры:
- Мынау алтыншы, жетінші, сегізінші сабақтарды, сонымен бірге түстен кейінгі сабақтарды 30 минуттан қоюға шешім қабылдадық. Кешкісін күн райының суып кетуіне байланысты балалар тоңып қалмасын деп осындай шешімге келіп отырмыз. Бастауыш сыныптың ұстаздарына қосымша тоқ көздерін қосуға рұқсат бердік.
Жылудың жырын айтып, жылу орталығына бардық. Ондағы мамандар жер астындағы құбырдан ақау шыққанын айтып ақталды. Бүгінге дейін бірнеше жарықты бітеген. «Қалған тесіктерді іздеп жатырмыз», – деді. Оны қала әкімі де өз бақылауына алғанын айтты.
Рашид Аюпов, қала әкімі:
- Ақаудың салдарын 2-3 тәулік бойы қызметкерлеріміз күні-түні іздеп, бүгін тауып отыр. Қазір ақырындап орнына келтіру жұмыстары атқарылуда. Мен өзім қарап отырмын. Жылу үйіне жетпеген күндерге жылу орталығы жеңілдік көрсететін болады. Біз осы аптаның ішінде толық қалпына келтіреміз.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қазір бүлінген жылу құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы іске қатысты қызметтік тексеру де басталған көрінеді. Егер жауаптылардың кінәсі дәлелденсе, өз жазасын алады. Бірақ көк түтінге тұншығып, суыққа тоңып, дірдектеп отырған түркістандықтар үшін қазір біреудің жазаланғаны емес, жылудың тезірек берілгені маңызды болып отыр.