Шымкенттік жас ұстаздарды оқушылары үлгі тұтады
Шымкенттегі №30 орта мектеп мұғалімдерінің әр сабағын шәкірттері асыға күтеді. Олар қазақ тілі, математика пәндерін қызықты өткізуімен балаларды баурап алған. Жас педагогтер есімі Президенттің кадрлық резервіне үміткерлер тізіміне де енген. Байқаудың ІІІ кезеңінен өтуге бар-жоғы 1 балл жетпей қалыпты. Мақсатшыл жастар ендігі сынақтарда қайталап бағын сынап көрмекші.
Айгүлдің ұстаздық жолда жүргеніне биыл сегізінші жыл. Педагогика саласының білікті маманы ұйымдастырушылық қабілетін мемлекеттік қызметте сынап көргісі келеді. Президенттік кадрлық резервке қабылдаудың басталуын мектеп жиналысында естіп, үміті үкілеген. Алғашқы екі кезеңнен сәтті өтіп, Нұр-Сұлтан қаласына шақырту алады.
Айгүл Жандарбекова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
- Ол жерде топпен және жекелей жұмыс жасап, презентациямызды қорғадық. Бізді барынша сынады. Біліміміз де, біліктілігіміз де сол 7 сағаттың ішінде көрінді деп ойлаймын. Ақпаратты тез игеру, цифрландыру мектеп жасынан бастап қолға алынса екен деген өзімнің ұсынысымды білдірген болатынмын. Бала мектепте ақпараттық тұрғыдан сауатты болса, мемлекеттік қызметке барса да, кез келген салада жұмыс жасаса да, өзіне оңай болар еді.
Айгүлдің әріптесі Әлібек Өмірзақов осы мектепте алгебра және геометриядан сабақ береді. Түсінікті тілмен жеткізе білуінің арқасында оқушылар күрделі пәнді қиындықсыз меңгеруде.
Размина Сәбитова, 7-сынып оқушысы:
- Әлібек ағайдың әр сабағы біз үшін қызықты. Ол – талапшыл ұстаз. Дегенмен кез келген оқушының тілін тез таба біледі. Дәрістің мазмұнын тақырыпты түсіндіруінен-ақ ұғып отырамыз.
Ұстаз Әлібектің дарынды жастардың кадрлық резервіне өтудегі мақсаты – мемлекеттік қызметкер имиджін өзгеріп, көпшілікке барлық қырынан үлгі болуына күш салу. Дарынды жас барлық жағынан талантты. Қызметтен бос уақытында велоспортпен шұғылданады. Гитарада ән шырқап, мектепішілік шараларда көрермен алғысына бөленіп те жүр.
Әлібек Өмірзақов, математика пәнінің мұғалімі:
- Мектептегі ұстаздық қызметім арқылы оқушыларға, олардың жақындарына үлгі болуға тиіспін. Дәл осындай ұстаным мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы керек деп санаймын. Маған ұжымды басқару жүктелсе, әрбір адамның алаңсыз жұмыс жасауына барынша жағдай туғызуға күш салар едім.
Президенттің кадрлық резервіне іріктеудің ІІІ кезеңіне Шымкенттен 5 мұғалім қатысып, барлығы да сынақтан өте алмады. Байқаудың ақтық кезеңіне 549 үміткердің 400-і өтіп тұр. Енді олар өз жобасын эссе түрінде жазып, қорғап шығулары тиіс.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрмақан Мұсатов