Хабар телеарнасы

Шымкентте конго-қырым қанды безгегінен бір адам қайтыс болды

Шымкентте инфекциялық ауруханада конго-қырым қанды безгегінен ер адам қайтыс болды. Ауру белгілері анықталған тағы бір науқас ем алып жатыр. Дәрігерлер: «Оның жағдайы қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»,— дейді. Ал 61 жастағы марқұм Сайрам ауданындағы қожалықтардың бірінде мал шаруашылығымен айналысқан. Кене шаққаннан кейін өз бетінше емделіп, ауруы асқанған соң ғана жедел жәрдемге жүгінген. Жалпы биыл 100-ден аса адам кене шағып, дәрігерлерге қаралған.

Бақтығали Ережепов, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
-Түркістан облысының тұрғыны өте ауыр жағдайда түсіп, қаза болды. Өте кеш болды, ауруының төртінші күнінде түсті. Бізге келгенде ол кісінің барлық жағынан қанау белгілері байқалды. Екінші жағдай Шымкент қаласының тұрғыны, 12 жасар бала. Жатқанына сегіз күн болды, протокол бойынша 14 күн бақылап, үйіне шығарылады. Қазіргі жағдайы орташа ауыр.

Жыл басынан бері конго-қырым қанды безгегінен 2 адам көз жұмды. Олар Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Ал Республика бойынша бүгінге дейін 16 жағдай тіркелді. Қазір 17 адам ем қабылдап жатыр. 8 азаматтың аталған дертті жұқтырғаны расталған. Олар Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының тұрғындары. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше елімізде эпидахуал тұрақты.

Айта кетейік, Шымкенттегі Абай ауданында санитарлық шектеу енгізілді. Мал арасында бруцеллез таралып жатыр. Сырттан мал әкелуге және шығаруға тыйым салынды. Індет ошағында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.