ШҚО-да 400-ге жуық шаруа субсидия ала алмай жүр
Бұл мемлекеттік бағдарлама елімізде 2014 жылдан бастап іске аса бастаған. Алайда соңғы екі жылда шығыста 400-ге жуық шаруа осы субсидияны даулап жүр. Олардың барлығы да шаруашылыққа электр желісі мен су жүйесін тартқан. Ал облыстағы Ауыл шаруашылығы басқармасындағы бағдарламаға жауапты мамандардың өз уәждері бар.
Олжас Керейхан, тілші:
- Күннен энергия алатын панельдерді шығыстағы шаруалар 2017 жылдан бастап жаппай қолдана бастады. Шаруалардың айтуынша, күн көзі жақсы болса, мынадай бір панель, бір аккумуляторды толық қуаттандырады. Мәселен, мына шаруашылықта 9 панель тұр. Оның қора-қопсы мен үйге электр беріп, құдықтан су алуға да қуаты жетеді.
Күннен энергия алатын панельдерді Дәлелхан Сәбитов 1,5 жыл бұрын қойған. 3 млн 650 мың теңгеге алған қондырғының арқасында қазір шаруашылығында жарық жайнап тұр. Баламалы энергия көзіне жұмсалған қаржының 80% мемлекет субсидия ретінде қайтаруы тиіс болатын. Бірақ әлі ала алмай жүр.
Дәлелхан Сәбитов, шаруашылық жетекшісі:
- Біріншіден киловатты сатып алдық. Екіншіден тапсырыс берсек, бөлінген 5 млрд ақша 2 күнде таратылып кеткен. Өте жақсы үміт болды. Біз: «Осынша қайтарады, Үкіметтен көмек болды», – деп қуанып қалғанбыз. Аяғында өзімізді алдап кетті.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағы жауапты мамандардың айтуынша, субсидия даулап жүрген 600-ге жуық шаруаның көбі орнатқан панельдеріндегі энергияның қуаты 2 кВт жетпейді. Ал ережеде одан кем болмауы керек.
Арман Тұрысбеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздегінің қуаттылығы 1,5 кВт болып тұр. Сол үшін шаруашылықтар қосымша 2-3 панель сатып, соны 2 мыңға жеткізсе дейміз. Есеп комитетінің бізге келген қағазы бойынша қуаттылығы жетіспейді. Сәйкес келмейді. Біз ережеге сәйкес, субсидияны бәрі дұрыс болған жағдайда төлейміз.
Дұрыс-бұрыстығын тексерген Есеп комитеті бұған дейін субсидия төленіп қойған 200-ге жуық шаруаны да тексере келе, бірқатар кемшілік анықтаған. Қаржыны қайтару үшін сотқа берген. Ал облыстағы энергетик-мамандар шаруаларға қуаты 2 кВт панельді орнатуға мәжбүрлеуді дұрыс деп санамайды.
Бақтияр Төлеутаев, энергетик:
- Осы саланың сарапшысы ретінде айтарым, 2 кВт энергия алу үшін 6 панель артығымен жетеді. Аз дегенде 9 панель орнату – шаруалар үшін артық шығын. Әркім өзіне қанша энергия керек, соған сәйкес панель орнатсын да, қажетті қуатын ала берсін.
Экологиялық-экономикалық тұрғыда тиімді жобаны қолдау үшін биыл республикалық бюджеттен облысқа 5 млрд теңге берілген. Ал шығыста қазір 1 мыңға жуық шаруашылық баламалы энергия көзін пайдалануға мүдделі.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин