«Kundelik.kz»: Баланың білімі туралы ақпарат алу құны 300 теңге
Мәжіліс депутаттары «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен құжаттың пысықтайтын тұстары да көп.
Қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болса да «Kundelik.kz» күн тәртібінен түспей тұр. Жыл басында мобильді қосымшаның кей қызметтері ақылы бола бастады. Егер өз балаңыздың білімі туралы тереңірек ақпарат алғыңыз келсе, айына 300 теңге төлеуіңізге тура келеді. Қазір «Kundelik.kz» сайтын Қазақстанның 6 000 мектебі қолданады, 4 млн адам тіркелген. Жүйеге күн сайын 300 мың адам кіріп-шығады.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл – ресейлік компания. Менің білуімше – «Дневник.ру» деп аталады. Ол – Ресейдің өзінде жексұрын болған компания. Оның қосымшасының барлығы ақылы. Міне сол компания сіздердің тасымалдаушыларыңыз. Ол компаниямен тіпті байланысуға болмайды. Ең болмаса талапты күшейтіп, өз дегендеріңізді істетуге тырысыңыздар.
«Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң бізде бұрын қабылданбаған. Сондықтан оны әзірлеу барысында мәжілісмендер мұқият болды. Депутаттар бірнеше рет ұстаздармен жеке кездесті, ойларын тыңдап барып құжат түзілді. «Педагог мәртебесі туралы» заң – еліміздегі ең жас министр Асхат Аймағамбетов үшін де алғашқы тәжірибе. Сондықтан шығар, депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаса да, заң жобасының біраз шикілігін анықтап берді.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мына жерде бір қызық болып тұр. 6-шы баптың 2-тармағында былай дейді: «Педагогті оның кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді». Жақсы ғой, тамаша! Енді заң жобасының 15-ші бабының 7-тармақшасында айтады: «Педагог қоғамның әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті», – дейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Шын мәнінде бұл кемшілікті біз мойындаймыз. Екінші оқылымға дейін сіздің ұсынысыңызды қабылдайтын боламыз.
Мұғалімді заңсыз жұмысқа тартқандар айыппұл төлейді
Құжат елдегі жарты миллионнан астам мұғалімнің құқығын қорғайтын болады. Мысалы енді мұғалімді заңсыз жұмысқа тартқан, тексерген немесе балағаттағандар 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ұстаздардың жүгі жеңілдейтін болды. 1 ставка – 18 сағат, енді ол 16-ға төмендетіледі. Мұғалімдердің материалдық жағдайы да жақсара түспек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бізде осындай үрей бар ғой. Көбісі тек жалақыны өсіреді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында айтқандай, көзбояушылық болмауы керек. Магистр айына 25 мың теңге, тәлімгерлер 17 мың теңге үстемақы алатын болады.
Мұғалім мәртебесінен даладағы дәретханаға дейін. Бұған дейін сала министрі елдегі 2,5 мыңнан астам даладағы мектеп дәретханаларын жабу туралы ұсыныс айтқан. Министр ол үшін мерзімі мен міндеттемелері бекітілген арнайы жоспардың түзілгенін хабарлады. Кім білген, Тараздағы сол трагедияда 12 жасар оқушы қыз даладағы дәретханада зорланбаса, бұл мәселе шешімін таппас та еді. «Мұғалімнің мәртебесі» деп жүргенде, баланың да құқығы ұмытылмауы керек шығар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Абдолла Исаев