Хабар телеарнасы

Бала құқын қорғауды жетілдіруіміз керек

Елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы аяқталды. Науқан жыл сайын өтеді. Осылайша, зорлық-зомбылықты жоюға әрекет жасалып келеді. Десе де, балаға көрсетілер қысым азаймай тұр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биыл 2 әкімшілік жаза, 500 қылмыстық іс қозғалған. Балалар кімнен, неден жәбір көруде? Олардың құқын қалай қорғаймыз? 

Бауыр етін төмпештеген ана, баласын тепкінің астына алған әке. Осындай деректер жазбасы әлеуметтік желіде тым көп. Буллинг құрбанына айналғандар қаншама?! Былтыр Мемлекет басшысы Зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына пәрменді көмек беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Мұны биыл оқу-ағарту министрлігі қолға алды.

Сырым Нұғыманов, Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының директоры

-Арнайы мамандандырылған маман иелерін шақырып, тренинг-семинарларды өткізіп жатырмыз. Оның ішінде құқыққорғау органының қызметкерлері бар. Психологиялық тренингтер өткізіліп жатыр.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

-Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес шаралары тек акциялардан тұрмайды. Ол нақты заңнамалық, ұйымдастырушылық іс-шаралардан тұрады. Былтырмен салыстырған кезде балалардың арасындағы құқықбұзушылықты 5% түсіреміз бе деген міндетті қойып отырмыз.

Мамандардың айтуынша, елімізде күн сайын зорлық-зомбылықтан 3 бала көз жұмады. Республикада қазір 111 контакт-орталығы жұмыс істейді. Қандай да бір бала қысым көрсе, осы нөмірге кез келген адам шағым түсіре алады.

Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

-Бұл номерге бір жылда 93 000 мың қоңырау келіп түсті. Бұл бала құқын қорғауды әлі де жетілдіре түсу керек екенімізді білдіреді. Бүгінде Астана қаласында 500 мың балаға 8 ғана қорғаншылық қызметкерден келеді. Әрине олар дер кезінде әрекет етуге үлгермейді. Біз осы ретте заңнамалық өзгерістерді ұсынып отырмыз. Қазір бұл өзгерістер Мәжілісте қабылданып, Сенаттың қарауында жатыр.

Биыл сәуір айында ғана әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтуға арналған заң қабылданды. Ондағы түзетулердің 60% балаларға қатысты.

Жандос Тұяқов, адвокаттар алқасының адвокаты:

-Кез келген заң өте жетілдірілген және ол заң бойынша балалардың құқықтары үлкен дәрежеде қорғалуға жатады. Бірақ өкінішке қарай заңның орындалуы және қадағалауы жағында ғана көптеген кемшіліктер бар. Өйткені қандай да бір оқыс жағдай болған кезде ғана біздің құқыққорғау органдары қадағалауға алып, нәтижелерге қол жеткізеді.

Бұл тақырып ата-аналар мен оқушыларды да бей-жай қалдырмады.

Бала – ата-ананың айнасы. Ата-ана өзін көп жағдайда шектеу керек екенін, отбасындағы кикілжіңнің барлығы баланың психикасына әкеп соқтыратыны ойландыруы керек.

Жаңа ғана шыққан жаңалық 3-4 жастағы баланы ата-анасы ұрып-соғып үйретіп тастаған. Бірақ оны мен баламды ұрмаймын деп көрсетеді. Бірақ ана баланың қорқып тұрғаны көрініп тұр. Менің ойымша, осы тақырыпты нығайтуымыз керекпіз, оны талдауымыз керек.

Әлеуметтік желілер балалардың өміріне үлкен қауіп төндіруде. Ата-ана ретінде балаларымызды қадағалап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек.

Ата-аналар өз баласын жақсыға үйрету керек. Ұру ол болмау керек. Өйткені ата-аналар балаларын ұрса, балалардың психологиясы жаман болады.

Егер кәмелекте толмаған бала кешкі 11:00-ден кейін үлкендерсіз көшеде жүрсе, отбасынан жәбір көрсе, қандай да бір зорлық-зомбылыққа, жоқшылыққа тап болса, өз ауданындағы балаларды қолдау орталығына тапсырылады.

Индира Нұрмұхамбетова, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры:

-Балаларды қолдау орталығына түрлі категориядағы балалар келіп түседі. Олар бұл жерде 6 айға дейін тұрақтай алады. Осы уақыт аралығында біз олардың категориясы бойынша уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс істейміз.

Мына Балаларды қолдау орталығында биылғы жылы мыңға жуық бала уақытша қабылдауға түскен. Мұндағылардың кейбірі отбасында зорлық-зомбылық көрсе, енді бірі өмірлік қиын жағдайларға тап болған. Бала – мөлдір әлем дейміз. Сол тұнықты ластап алмау үлкендердің қолында екенін ұмытпасақ екен.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Мейірбек Беспаев