Ирактан қазақстандық 14 бүлдіршін елге жеткізілді
Келіссөздер бір жылдай жүргізілген. Жалпы әскери қимылдар жүрген аймақтардан балаларды елге қайтаруды кең ауқымда жүргізіп жатқан елдердің қатарында әзірге Қазақстан ғана бар.
Еліміз әлемге үлгі болды. Ирактағы күрделі саяси жағдайларға қарамастан, Қазақстан басшылығы балаларды елге қайтарды.
Сағат таңғы 10:30. Елорда. «Русафа» операциясының басталуына жарты сағат қалды. Дайындық қызу. Санитарлық авиация мамандары қажет құралдарын әзірлеуде.
Асылбек Тоқтыбай, санитарлық авиация қызметінің дәрігері:
- Біз өзімізбен бірге науқастарға, балаларға қажет медициналық сумка, дәрілік заттар алдық.
Сапар алыс 4,5 сағатты құрайды. Бұл дәрігерлер өмірлерінде қарулы қақтығыс болған аймақта болып көрмеген.
Бағдадта ұшатын әуе кемесі бас қалаға Алматыдан келді. Бортта балаларға қажет жылы киім мен тамақ болды. Жалпы өзге елдегі сұм соғысты көрген бүлдіршіндерді Отанына қайтару жұмысы бір жыл бойы жүргізілді. Күрделі келіссөздер жасалды.
Станислав Василенко, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
- Біз Ирак елінің басшылығымен келіссөз жүргіздік. Олар бізге балаларды береді деген соттың шешімі де бар. Ауыр жұмыс атқарылды. Бұл балалар қазақстандық екенін дәлелдеу үшін ДНҚ сараптамасын жасаттық. Арасында жетім қалғандар да бар. Олардың Қазақстандағы туыстарын да іздеп таптық. Олардан сынама алып, Иракқа жібердік. Ол жақта барлығы жіті тексеріліп, ақырында ол балалардың біздікі екендігін дәлелдедік.
Соғысты басынан өткерген Ирак. Мұнда жағдай тұрақсыз екені айтпаса да түсінікті. Жергілікті тұрғындар күнде ереуілге шығады. Қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі жарияланған. Әр шақырымда қарулы күзет пен бекеттер орнатылған.
Ресми деректер бойынша соңғы 1,5 айда Бағдадта 111 адам көз жұмған. Мұндай жағдай сотталған әйелдер мен оның балалары отырған түрме мен жетімдер үйінің маңында да жиі болады.
Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:
- Соғыс пен түрмеден басқа ештеңе көрген жоқ. Кейбіреулері сол түрмеде дүниеге келген. Жағдайлары, тамақтарының рациондары тек қана күріш пен су болған. Әйелдердің күйеулері қайтыс болды. Олар енді жалғыз қалды. Балаларының қиналып жатқанын көріп, олар өздерін кінәлап жүр. Сол үшін олар балаларын елге қайтаруға дайын. Барған кезде біз өздерінің туған-туыстарының нөмірін біліп, сол жақта телефонмен хабарласып, жағдайларын айтқыздық.
Осындай ереуілдер болып жатқанына қарамастан, Қазақстан басшылығы өз балаларын елге қайтаруға келді. Бүлдіршіндердің аналары да бауыр еті балаларының бейбіт жерде өмір сүргендерін қалап, оларды елге қайтару туралы құжатқа ойланбастан қол қойды. Ал қоштасқандарын көргенде көзге еріксіз жас келді.
Балалар әуежайға келе салысымен оларды қазақстандық дәрігерлер бірден қарап, жаңа киімдерін беріп жатыр. Аналарымен енді ғана қоштасқан бүлдіршіндерді жұбату мүмкін емес. Түсінуге де болады.
Риат Шони, тілші:
- Жанарлары жәутеңдеген бұл бүлдіршіндер ата-анасына еріп, еріксіз кеткен еді. Енді міне елге жалғыз қайтпақ. 14 бала, 14 тағдыр. Бұл 14-тің өзін Ирак елінен алып шығу елшілер үшін оңай болмаған.
Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:
- Бұл операция болмаса Ирактың заңы бойынша ол балалар жетімдер үйіне тапсырылады. Сол жақта 14 жасқа дейін болады. Ары қарай босатылады немесе олардың террористік ұйымға қатыстығы болса, сотталады. Ал кішкентайлар жетімдер үйінде ұсталады.
Бұл – 3 жасар көңілді балақай 14-тің ішіндегі жалғыз жетім. Бүлдіршіннің тағдыры өте аянышты.
Данияр Байбеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы:
- Әкесі мен шешесі жоқ. Ол баланы Ирактың әскерлері шабуыл жасаған кезде бір қираған үйдің астынан шығарып алған. Сол баланың Алматыдан апасын таптық. Содан кейін ұзақ мерзім ДНҚ сараптамасын жүргіздік. Енді қазір аман-есен елге оралады.
Балаларды елге аман-есен жеткізу – операцияның басты миссиясы. Ата-анасына еріп кеткен балғындар да өз атамекенін сағынғандарын айтады.
Ұшақта балаларға берілген тамақ олар үшін таңсық болды. Себебі 3,5 жыл бойы бүлдіршіндер құр су мен күріш жеп келген. Ал ойыншықтар мүлдем басқа әңгіме. Мұндай заттарды мүлдем көрмеген. Бағдадтан елордаға жеткен бетте балаларға жылы киім киіндіру ең қиыны болды. Себебі олар жылы жақта жүріп үйреніп қалған. Ал аязды ауа райына келіп, қарды көріп аң-таң болып қалды. Ал әуежайда бүлдіршіндерді күткен туған-туыстары немерелерін бірінші рет көріп, қуыныштары қойындарына сыймады.
Енді елге аман-есен оралған балалар арнайы орталықта толық медициналық тексерістен өтеді. Кейін туған-туысқандарына барады.
Аружан Саин, Қазақстан Республикасының бала құқығы жөніндегі уәкілі:
- Бізде оңалту бойынша арнайы бағдарлама бар. Онда барлық отбасы психологиялық көмек алады. Келген балалардың арасында көбі кіші жаста. Менің ойымша олар тез бейімделіп кетеді.
Бұған дейін Қазақстан билігі қарулы қақтығыс аймақтарынан балаларды елге қайтару бойынша «Жусан» операциясын үш мәрте өткізген. Оның қорытындысы бойынша 400-дей балғын атамекеніне оралды. Енді «Русафа» операциясымен де 14 бүлдіршін Отанына келді. Бұл әрекетпен Қазақстан өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмай, қол ұшын созуға әрқашан дайын екенін көрсетіп отыр. Себебі еліміз үшін оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі. Ата Заңымыздың 1-бабында осылай жазылған.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев