Президент Францияның бизнес өкілдерімен кездесті
Мемлекет басшысы Ақордада осы елдің іскерлерін қабылдап, әріптестікті арттыруды ұсынды. «Ауыл шаруашылығында, қаржы және IT саласында, көлік-транзит инфрақұрылымында бірлесіп көп шаруа атқаруға болады», – деді Президент. Екі елдің арасында экономикалық-саяси берік байланыстар орнаған. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 160-тан астам компания жұмыс істейді.
Атом өнеркәсібі, энергетика және әуе кемелерін құрастыру – қазақ пен французды байланыстыратын негізгі салалар. Батыс Еуропа мемлекетінің әлеуеті асып, дәулеті тасқан трансұлттық компаниялары бізде де жұмыс істейді. Арадағы алыс-беріс көлемі бір жылда 4 жарым млрд АҚШ долларына жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастар тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға жасайтын алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз.
Франция – Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 32% артқан. Ал ынтымақтастықты одан әрі дамыту екі жаққа да тиімді. «Біздің ел бұған баса мән береді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен мұны жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Соған қарамастан, оны жақсартуға үнемі ұмтылуымыз керек. Биылғы көрсеткіштерде де оң қарқын байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5% өсіп, 3,4 млрд долларға жетті. Жалпы Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 млрд долларға жуық.
Елімізде бизнеспен айналысуға мүмкіндік көп. Осы саладағы кедергілерді азайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асып келеді. Француз бизнесімен агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар қолға алынуы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 млн гектар егістік пен 186 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Бұл – орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұрғыдан біз үлкен әрі жоғары төлем қабілеттілігі бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Индия нарықтарына жақынбыз.
Инновация мен цифрлық экономикада ынтымақтастықтың маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің бизнесін осы бағыттағы әріптестікке шақырып отыр. Біздің мемлекет сан түрлі салада жоғары технологияларды қолдана бастады. Ал қаржы – жаңашыл сала. Егер «Астана» халықаралық қаржы орталығына франциялықтар инвестиция құйса, құба-құп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі секілді инновациялық кластерлер жұмыс істейді. «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі ашылды. Біз Қазақстанда француздық инновациялар мен технологияларды енгізу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Қазақстанның көліктік-логистикалық желілері қазір батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырады. Мемлекет басшысы еліміз арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі өтетінін айтты. «Ал әуежайларымызға «ашық аспан» жүйесі енгізілген», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Қазақстанның аспаны ашық болуы керек деген шешім қабылдадым. Осы жүйе 11 әуежайға енгізіліп, барлық әуе компаниясы арасында тиісті бәсекелестік ұйымдастырылады. Бұл жолаушылар тасымалы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа арасында жүк тасымалын ұйымдастыратын еліміздің авиациялық мүмкіндіктеріне оң ықпал етеді.
Дәл осы туризмнің тамырына қан жүгіртуге франциялықтардың тәжірибесі қажет-ақ. Себебі Эйфель мұнарасымен әйгілі Париж шаһарына жыл сайын миллиондаған саяхатшы барады. Ел қазынасына солардың есебінен зор табыс түседі.
Ив-Луи Даррикаррер, Қазақ-француз іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Мен француз компанияларының Қазақстанның кәсіпорындарымен ұзақ мерзімге негізделген ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтқым келеді. Олар қосымша жобаларды дамытуға үмітті және қазақстандық билікпен жұмыс істеуге әзір.
Кездесуде Қазақстанда жұмыс істейтін франциялық өзге де компания жетекшілері сөз алды. Тараптар жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыруға мүдделі. Мемлекет басшысы франциялық бизнес өкілдерімен француз тілінде де сөйлесті. Сөйтіп екі жақты маңызды диалог орнады. Демек, Қазақстан-Франция байланысы тек атом, энергетика немесе әуе кемелерін сатып алумен шектеліп қалмайды. Келешекте өзге де салаларда әріптестік артуы тиіс.
Авторы: Рауан Мыңбаев