Алматыда қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты өтті
Бұған дейінгі жылдары жолы болмай жүрген Роман Бобиковтің бұл жолы бағы мен бабы қатар шапты. Ол финалда осы турнирдің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаровтан айласын асырды.
«Әлем барысы» ең алғаш рет ұйымдастырылған кезде бас жүлде кубалық Брайсонның қанжығасында кеткен. Одан кейінгі жылдары Айбек Нұғымаров өзіне тең келер қарсылас таппай, атой салды. Айбекке үшінші рет топ жаратын тамаша мүмкіндік болған. Алайда сәл ғана сәттілік жетіскен жоқ. Кіл мықтылармен бір топқа түскен Айбек Нұғымаров финалға дейін біраз қиналды. Әсіресе Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Бердімұрат Айбекті әбден терлетті. Тек соңғы секундтарда жеңісті жұлып алған Айбек Нұғымаров өкінішке қарай, финалда ресейлік Роман Бобиковтан ұтылып қалды. Осы жарыста қола жүлде алған ресейлік балуанның бұл жолы асығы алшысынан түсті. Қола медаль Мақсат Исағабыловқа бұйырды. «Әлем барысына» тұңғыш рет қатысқан Мақсат жақсы атқа ие болды. Ал жергілікті жанкүйерлер сенім артқан Руслан Әбдіразақов бірінші айналымнан аса алмады.
Жеңіс Биткөзов, мемлекеттік жаттықтырушы:
- Ортадағы төреші байқамай қалды, кілемнің сыртына шығып бара жатып, әдісті жасап кетті. Бейнені қайта қараған кезде ғана шешім қабылдады. Ал Руслан бауырымыздың күші жетпей, ұтылып қалды.
Нұрдәулет Жарылғапов та іріктеу кезеңінде ірілік таныта алмады. Бұған дейінгі жылдары осы жарыста бақ сынаған Нұрдәулеттің тәжірибесі толысқанымен, бабына келмеген секілді. Ал бір кездері «Қазақстан барысында» қарсылас шыдатпаған Мұхит Тұрсынов «Әлем барысына» неге қатыспайды?» деген сауалды спортшының өзіне қойдық.
Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан барысы»:
- Енді бұл жарысқа кімнің баратынын аға жаттықтырушыларымыз шешті. Сол кісілер балуандарды қойды. Екі апта оқу-жаттығу жиыны болды. Мен «Әлем барысына» бірде-бір рет күрескен жоқпын. Енді сәті түссе, жеңіске жетеміз деп ойлаймын.
Биылғы жарыстың ұтыс қоры 20 млн теңгені құрады. Бас жүлде иегері 10 млн-ға иелік етсе, күміс жүлдегер 6 млн, ал қола жүлдегерге 3 млн бұйырды. Жеңіске деген жігер мінез танытқан өзбек Мухсин Хиссомиддиновке 1 млн теңге берілді. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген қазақ күресін дамыту үшін қауымдастық басшылары алдағы уақытта да үлкен жұмыстар атқаратынын мәлімдеді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев