Қазақстанда шетелдік капитал үлесі бар 17 мың компания жұмыс істейді
Қазір Қазақстанда шетелдік капитал үлесі бар 17 мың компания жұмыс істейді. Осындай жетістіктің негізі өткен ғасырдың 90-шы жылдарында жатыр. Экономикалық даму үдерісін үдетуді мақсат еткен Елбасы ең алдымен отандық кәсіпкерлердің қабілет-қарымының артуын қалап, саланың өркендеуін мақсат етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында иен байлыққа ие болып қалған Қазақстанның мүмкіндіктері зор болғанымен, табиғи ресурстарды дұрыс игеріп, ел игілігіне жұмсайтын сала қалыптаспаған. Сол кезде Елбасы әлемдік тауар айналымы нарығында мемлекет мүддесіне қызмет істейтін ұлттық компаниялардың құрылуын көздеді. Сол үшін бизнесін енді ғана бастап жатқан белсенді азаматтарды жинап, өзімен бірге шетелдегі іскерлік сапарларға алып баратын.
Райымбек Баталов, кәсіпкер:
- Елбасы бізді экономикасы дамыған алпауыт елдерге өзімен бірге іссапарға алып баратын. Сондай сапар барысында қуатты компания өкілдерімен жиі кездесетінбіз. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік білмейміз. Бірақ соның барлығы біздің болашағымызға әсер етіп, бизнесте нық қадам жасауымызға ықпал етті.
Нұрлан Смағұлов, кәсіпкер:
- Біз Елбасының ұшағымен Вашингтонға бардық. Сол жерде АҚШ Президентімен, әлемге әйгілі америкалық компания басшыларымен өткен кездесуге қатыстық. Елбасы бізді ірі кәсіпкерлер деп таныстырды. Алайда сол кезде бизнесті енді ғана бастап жатқанбыз. Сондай іскерлік сапарлардың арқасында кәсіпкер болып қалыптастық. Бұл Елбасының бізге деген сенімінің нәтижесі деп санамаймын.
Қазір Қазақстан – экономикалық даму көрсеткіштері жөнінен Орталық Азия аймағындағы көшбасшы мемлекет. Жергілікті компаниялардың отандық өнімі шетелге экспортталады. Ал шетелдік инвесторлар Қазақстанның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалайды. Бұл ретте Алматы қаласы Республика бойынша кәсіпкерлік пен шетелдік инвесторлар тарту жағынан өзге өңірлерден көш ілгері тұр.
Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Негізі Қазақстанның ең ірі бизнесі осында шоғырланған. Орта Азиядағы жұмыс жасап жатқан шетелдік компаниялардың басым бөлігі осында. Сол себепті жалпы экономиканы ілгерілету, инвестиция тартудағы Алматының рөлі өте жоғары.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық даму бағдарын әрдайым бірінші кезекке қояды. Шағын және орта бюизнес саласының дамуын назардан тыс қалдырмайтын. Соның нәтижесінде «Жол картасы», «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі», «Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік» сынды стратегилық бағдарламалар қабылданып, іске асып келеді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов, Кенже Амраев