Қазақстан орта державаға айналып келеді — шетел сарапшылары
Шетелдік сарапшылар осындай пікір білдірді. Орта державалар тобына кіретін мемлекеттердің территориялық тұтастығы, геосаяси жағдайы, табиғи ресурстары мен экономикасы, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделі ескеріледі. Қазақстан осы талаптарға толық сай келеді,- дейді.
Жерінің аумағы бойынша 9-шы орында, табиғи ресурстарға бай әрі әлем картасында стратегиялық маңызға ие Қазақстан кейінгі жылдары орта державалар тобына кіре бастады. Қазақ елі бүгінде саяси ғана емес, экономикалық жағынан да өсіп келеді, - дейді сарапшылар. 1993 жылдан бастап елге 440 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Эндрю Хадсон, кәсіпкер, Люксембург:
- Егер жаһандық тұрғыдан қарасақ, Қазақстанда экономикалық өсу мен тұрақтылық бар екенін атап өтуге болады. Бұл еуропалық компаниялар үшін өте қызық әрі маңызды. Қазақстандағы іскерлік ахуал шетелдік инвесторлар үшін қолайлы және ашық, тұрақты нарық ұсына отырып, елге шетелдік капиталды тартуға көп күш салуда.
Инвестицияны тиімді тартудың таптырмас шарттарының бірі - елдегі тұрақтылық. Орта державалар әлемге сыртқы саясаттағы белсенді рөлді көрсетеді және сол арқылы жаһандық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты нығайтады.
Бельгиялық саясаттанушы және «Diplomatic World» басылымының шолушысы Альберто Туркстраның пікірінше, көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында Қазақстан Ресей және Қытаймен, сондай-ақ АҚШ және ЕО елдерімен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта алды.
Альберто Туркстра, саясаттанушы, «Diplomatic World» басылымының шолушысы:
- Біз бүгін көптеген мәселе мен қиындықтар бар аймақта өмір сүріп жатырмыз. Оған себеп болып жатқан Шығыс Еуропадағы сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығыстар. Біз қазір геосаяси тұрғыдан өте қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатырмыз, бірақ Қазақстан бұл жағдайда Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде тұрақтылық тірегі ретінде ерекшеленеді.
Бельгиялық саясаттанушы Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі рөлі таяу жылдары бүкіл әлемнің назарында болатының атап айтты.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов