Павлодарлық ата-аналар балаларын шахмат үйірмесіне бере бастады
Бұл тұрғыда шахмат ойыны – таптырмас құрал. Сондықтан ұл-қыздарын зияткерлік ойын үйірмелеріне жаппай беріп жатыр. Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, әр мектепте бір-бір үйірмеден ашылған.
Ойынның өрісі кең болғандықтан, облыста халықаралық дәрежедегі жарыстардың өтуі – заңды құбылыс. Байрақты бәсекелердің қатарында Қазақстан кубогінің «Павлодар open» атты ІІІ кезеңінің бәсі биік. Бұл жолы 10 елден 140 шахматшы келіпті. Жарыс 15-інші жыл қатарынан өтуде.
Дмитрий Хегай, гроссмейстер /Ресей/:
- Қарсыластарым өте мықты. Бірінші турда алға суырылып шықтым. Павлодарға осымен алтыншы жыл келуім. Алғашқы нормативімді осында орындадым.
15 гроссмейстер 25 халықаралық дәрежедегі шебер бас қосып, жас спортшыларға үлгі болды. 12 жастағы Әлфараби үшін бұл – алғашқы халықаралық жарыс емес, бірақ маңызды дода.
Әлфараби Думанқызы, бірінші дәрежелі шахматшы:
- Әзірге бірінші дәрежем бар. ШҚО-да қатарластарымның арасында чемпионмын. Ел намысын халықаралық дәрежеде қорғағым келеді.
Жарысқа қатысқандардың ең кішісі 6 жастағы бала болса, ең үлкені – 70 жастағы қария. Бұл жарыс өңірде мықты шахмат мектебі қалыптасып, спортшылар сабақтастығының үзілмегенін айғақтайды. Тіпті патша ойыны әр мектепте міндетті пән ретінде енгізілген.
Аделя Торғаева, оқушы:
- Шахмат үйірмесі біздің логикалық ойлауымызды дамытады және өмірімізде әртүрлі мәселені шешуге көмектеседі. Мысалы, шешімді дұрыс қабылдауға көмектеседі. Әртүрлі тактиканы ұйымдастырады.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл мектепте шахмат үйірмесіне аптасына 18 сағат бөлінген. Қазіргі таңда зияткерлік ойынға 150-ден астам ұл-қыз қызығушылық танытқан. Сала мамандарының айтуынша, топтар санын ұлғайту керек. Себебі патшалар ойынын ойнаймын деушілердің қарасы қалың.
Мұғалімдердің айтуынша, шахмат оқушыларды гаджеттерге телмірмей, білімге көп көңіл бөлуге жетелейді.
Жүрсін Батталов, үйірме жетекшісі:
- Болашақта бұл балалар әр жүрісін, әр қадамын ойлайды деп ойлаймын. Өйткені шахматта әрбір ойынның өзінің әдісі, жүрісі, тактикасы бар. Сондықтан да өмірге көмектеседі. Шахматқа келіп жүрген балалар әр жүрісін де, әр сөзін де ойластырып сөйлейді.
Бүгінде ойын үйірмелері өңірдің 300-ден астам мектебінде бар. 14 мыңға жуық бала шахмат ойынының қыр-сырын терең меңгерген. Алдағы уақытта үйірмелер желісі артады деп күтілуде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий