Елімізде инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы енгізіледі
АХҚО елімізде инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын әзірлейді. Мәжілістің пленарлық отырысында орталық жөніндегі конституциялық заңның жобасы мақұлданды. Арнайы бағдарламаға қатысу үшін инвестор 60 мың доллар қаржы салуы тиіс.
Мәжіліс қараған Конституциялық заң жобасы негізінде орталық инвестициялық, салық резиденттігі бағдарламасын әзірлемек. Оған қатысу үшін инвестор жыл сайын биржадағы құнды қағаздарға 60 мың доллар инвестиция салып отыруы міндет. Резидент Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті толық тексерген соң 5 жылдық көпреттік инвестор визасын алуға құқылы.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы қазіргі таңда әлемде кең тараған құбылыс. Осындай бағдарламалар шеңберінде 500 млн-нан 1 млрд долларға дейін инвестициялар тартылуда.
Ал біздің елдің салық резиденті мәртебесін алғысы келетін инвесторларға да қойылатын талап бар. Ол өзгерістер салық кодексіне енеді. Инвестор ел аумағында 90 күн тұруы тиіс және 7 мың АӘК көлемінде, яғни 17,7 млн теңге салық төлеуі міндет. Осы ретте депутаттар инвестициялық және салық резиденттері ұғымын ажыратып түсіндіруді сұрады.
Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Орталықтың салықтық резиденті және инвестициялық резиденті арасында қандай айырмашылықтар мен өкілеттіктер бар және олар үшін қандай салық переференциялар қарастырылған?
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Инвестициялық резидент болған кезде жеке тұлға халықаралық қаржы орталығының құралдарына алған табыстардан, жеке табыс салығынан босатылады. Ал инвестициялық резидент мәртебесін алғаннан кейін жеке тұлға шетелдегі елдерде алған табыстары бойынша жеке табыс салығын төлемейтін болады.
Инвестор жыл сайынғы қажетті соманы төлемеген болса, резиденттік құқығынан айрылады.
Қожахан Жабағиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәртебесінен айырылған жағдайда қандай кезеңде, қай уақытта Қазақстаннан тыс кетуі керек?
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Көпреттік виза күшін жойған кезде көші-қон және шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңдар негізінде инвестор 30 тәулік ішінде ел аумағынан шығуы тиіс.
«Астана» орталығы құрылғалы 1,5 жылда 216 млн доллар инвестиция алып келген, отандық кәсіпорындарға құйылған тікелей инвестиция көлемі 134 млн долларды құрайды.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Қазір бізде әлемнің 32 елінің 330 компаниясы тіркелген. Олар алдағы 3 жылға 3,5 млрд доллар инвестиция салатыны туралы мәлімдеді. Келесі жылы IPO компанияларын күтіп отырмыз. Жекешелендіру жалғасады. Біздің биржа өзін-өзі ақтайтын жағдайға жетті.
«Ал орталық 2-3 жылда қазына қаржысына тәуелсіз болады», – деп сендірді Қаржы министрі. Әзірге алдағы 3 жылдық бюджеттен жыл сайын орта есеппен 12 млрд теңге орталықты дамытуға қаражат бөлу қарастырылған. Ал экономистер: «Жаңа бағдарлама инвестиция қоржынын толтыра түседі», – дейді.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Көп инвестор екі рет салық төлеп, бір табыс табады. Мәселен, бағалы қағазда АХҚО табыс тапса, өз елінде салық төлемеудің жолы болады. Әрине, бұл инвесторларды Қазақстанға келуіне ынталандырады.
Айта кетейік, қаржы орталығы 2030 жылға дейін 20 млрд доллар тікелей және портфельдік инвестиция тартуды көздеп отыр.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Абдолла Исаев