Квазимемлекеттік секторлардан игерілмеген 383 млрд теңге анықталды
Квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалайтын кез келді. Сенат депутаттары Жоғары аудиторлық палатамен бірге ел қазынасының жұмсалу барысын талқылады. Нысанаға бірінші қаптаған ұлттық компаниялар мен республикалық кәсіпорындар ілікті. Олардан қандай кінәрат табылды?
Ел бюджетінің шығысы өсіп барады. Дәл қазір ол кірістен 3 трлн теңгеге асып кеткен. Сенатта есеп берген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы бұған алдымен квазимемлекеттік секторды кінәлайды. Қазынаның қақпағын ұстаған ұлттық компаниялар былтыр өздеріне алған 1 трлн теңгеден астам ақшаның 400 млрд теңгеге жуығын керек жерге жұмсамаған.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
- Бұл квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлініп, шоттарда орналастырылып, пайдаланылмаған қаражат. Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді. Қаражатты бақылау шоттарында жылдар бойы жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет.
Бас аудитор елге ақша жетпей жатқанда қазынаның қаржысын есепшотта тығып ұстағандардың бұл қылығының себебін ашып айтпады. Мұны естіген сенаторлар: «үй ішінен үй тіккен квазимемлекеттік секторды жекешелендіру туралы Президент тапсырмасы қайда қалды?», - деп сұрады.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша тиімді шаралар және олардың соңғы жылдары жұмыс істеуінде елеулі өзгерістер байқалмайды. Осыған байланысты менің сұрағым – Үкімет мемлекеттің экономикадағы қатысу үлесін қысқарту бағытында қандай нақты шаралар атқарып жатыр? Квазимемлекеттік секторды қалай реформалап, олардың қызметінің тиімділігін арттырғыңыз келеді?
Ел қазынасын тиімсіз пайдаланып отырған тағы бір бағыт бар. Ол – мемлекет пен жекенің әріптестігі. «Бюджетке түсетін салмақты азайту үшін қолға алынған бұл бағдарлама қазір керісінше қазына қаржысына еркін қол салуға көшкен», - дейді аудиторлар.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жүздеген жобаның әрбір екіншісі заң талаптарына сай келмейді.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
- Олардың көлемі 1 трлн теңгеден асады. Бұл – абаттандыру, көгалдандыру және басқа да ағымдағы шығындар. Бұларды жеке инвестицияларды тарту үшін басым міндеттер деп айтуға болмайды. Мұндай жобаларды іске асыру жеке кәсіпкерлерге «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда көзделген конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ 2-3 жылдан астам уақыт бойы тұрақты қаржыландыруды алуға мүмкіндік береді.
Бюджетті қойып, қазір квазимемлекеттік сектор Ұлттық қорға да қол салатын болған. Сынық сылтау, жүз желеумен болашаққа деген қордан жыл сайын бірнеше трлн теңгені шығарып алу әдетке айналып барады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір Ұлттық қор қаржысы кепілдендірілген және мақсатты трансферт, квазимемлекеттік сектордың облигацияларын сатып алу секілді бірнеше жолмен белсенді түрде алынып жатыр. Қор ақшасына тиіспесек, оның көлемі едәуір көп болар еді. 30 жыл бойы мұнай экспорттап отырған ел үшін 60 млрд доллар деген өте аз. Бір ғана «Шеврон» компаниясы капиталының өзі 30 млрд. Ал қор қаржысы инвестицияланды деген кей жобалардың құрдымға кеткенін көріп отырмыз. Сондықтан бұл істі бір жағына шығару керек.
Сенат төрағасы бюджеттің шығысы мен кірісі арасындағы алшақтық ең басты проблема деп баса айтты. Былтыр ел қазынасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ке көп жұмсалған. «Күмәнді, артық және мақсатсыз шығындарды барынша қысқарту қажет», - дейді Мәулен Әшімбаев.
«Олай болмаған жағдайда экономиканы дамыту, Президенттің әлеуметтік және экономикалық бастамаларын жүзеге асыру мүмкін емес», - дейді сарапшылар.
Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев