Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған ғылыми конференция өтті
Сөз өнерінің зергері артында мол мұра қалдырды. «Енді сол дүниені зерттеу – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі іс», – дейді зиялы қауым өкілдері. ЕҰУ-да Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған ғылыми конференция өтті. Оқу ордасына қазақтың зиялы қауымы жиналды.
Халық қамын ізетті мақсаты еткен тау тұлға, абыз жан Әбіш Кекілбаевты еске алушылар тағы бас қосты. Зиялы қауым өкілдері еліміздің еңселі азаматы туралы естеліктерін ақтарып, баянды бейнесін еске қайта алысты.
Ғарифолла Есім, ҚҒА академигі, ғалым:
- Әбіш – сөз өнерін меңгерген жазушы, қаламгер. «Сөз өнері дертпен тең», – дейді хакім Абай. Сөзді өнер ретінде қабылдап, өнер ретінде беру әркімнің қолынан келе бермейді.
Оны жақын білгендер: «Жақсы адам, нұрын шашқан күндей еді»», – деп бағалайды әрі ол мүддесі мен мұраты ұлты болған қазақтың дарынды, жан-жақты, сәулелі ұлы еді. Әбіш Кекілбаев бүгінгі жастарға да үлгі.
Дихан Қамзабекұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:
- Қазақ зиялыларының көбісі де осындай қайраткерлік жолда болған. Солардың барлығы жалпақ тілімен айтқанда жетіскеннен қайраткер болған жоқ. «Біз ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттың жоқтаушысы болу үшін саясатқа көтерілдік», – дейді. Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлігін де осы аядан көреміз.
Елім деп жүріп қазақтың есімін әлемге әйгілеген Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын шетелдіктер де сүйіп оқиды. Оны өзге елдің азаматтары да мойындайды.
Хулио Новилло Санчес де Педро, Испания Білім министрлігінің маманы:
- Әбіш Кекілбаевтың танымал жазушы, көптеген туындылардың авторы екенін білемін. Ол қазақ әдебиетіне, мәдениетіне елеулі әсер еткен тұлға. Сондықтан оның шығармаларымен тереңірек танысып жатырмын.
Жазушыны еске алуға 95 жастағы Әбдіжәміл Нұрпейісов те келді. Зиялы қауым мен мемлекет қайраткерлері түгел жиналды.
Қаныбек Жұмашев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- Өзінің туған жерінде, туған өлкесінде ірі шаралар өтті. Солардың бірі Әбіш Кекілбаев атындағы өлкетану музейі ашылды. Музей жабдықталу үстінде.
Иә, мұндай шаралар әмбебап қайраткердің 80 жылдығына орай жалғаса береді. «Себебі қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызын дәріптеу парыз», – дейді зиялылар.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Ғани Алшымбаев