Талдықорғанда Бейсен Құранбекті еске алу турнирі өтті
Талдықорғанда шағын футболдан белгілі журналист Бейсен Құранбек атындағы турнир өтті. Қалам ұстаған қауым арасындағы республикалық жарысқа биыл отандастарымызбен қатар көршілес елдің командасы қатысты.
Бейсен Құранбек атындағы турнир биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына жиналған көпшілік арда азаматтың бекзат болмысы мен қазақ журналистикасына сіңірген еселі еңбегін атап өтті.
Серік Әбікенұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Бейсен – әлеуметтік журналистиканы биік шыңға көтерген азамат. Оның «Айтуға оңай», «Қарекет» сынды бағдарламалары тек қана Қазақстан емес, осы ТМД аумағында танымал. Бейсеннің өзі Қаракет арқылы қазақты бір-бірінің көз жасын сүртуге үйретті. Сондықтан да оның қазақ қоғамындағы елдегі халық жүрегіндегі орны ерекше болып қала береді.
Жарысқа Алматы, Астана, Қызылорда, Тараз, Өскемен сынды алыс-жақын қалалардан он команда келді. Жыл сайын ауқымы ұлғайып келе жатқан турнирге алғаш рет Қырғыз ағайындар қатысты. Осылайша айтулы дода бауырлас елдердің ынтымақтастығын арттыруға ықпал етті.
Жәнібек Есенәлиев, «Қырғыз» командасының капитаны:
- Журналист деген бұл мәмлекеттегі чоң жүкті арқалаған кәсіп иелері болады. Демек журналистер ынтымағы – бұл өлкелердің ынтымағы, - деп білемін. Журналистер ынтымаққа келіп, спортта ынтымақтасып, достық мәміледе болса, елдің ынтымақ сезімі де достық мәмледе болады да. Шоң раұмет айтамыз.
Қалам ұстаған қауым арасындағы бәсі жоғары бәсеке осыған дейін демеушілер есебінен өткізілген. Ал биылғы жарысқа облыстық әкімшілік ұйытқы болды.
Еркебұлан Ақболатов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
- Жыл сайын ұйымдастырылатын турнирді біз жергілікті атқарушы орган тарапынан, әкімдік тарапынан тұрақты түрде қолдауды қолға алғалы отырмыз. Бүгінгі турнирде күні командалардың барлығына ыстық тамақтары, ойынды тікелей эфирден тамашалау мүмкіндіктері қарастырылған. Келесі жылы жатын орны, келіп-кетуі, тікелей эфирлер, басқа да ақпараттық қолдау жағынан қолдау білдіруге дайынбыз.
Тартысты өткен жарыста Жетісу облысының «Qareket» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші сатыға көршілес елдің спортшылары көтерілсе, үштікті «Qaz365» тобы қорытындылады.
Бұдан бөлек, жекелеген ойыншыларға Нұртілеу Иманғалиұлы, Сайын Тұрсынов, Амангелді Сейітхан атындағы және мәслихаттың арнайы жүлделері табыс етілді. Үздік бапкер, ойыншы, қорғаушы, шабуылдаушы атанғандар да марапатталып, сый құрметке бөленді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов