Хабар телеарнасы

Енді еліміздегі кез келген азамат үй кезегіне тұра алады

Енді еліміздегі кез келген азамат үй кезегіне тұра алады. Яғни ешбір санатқа кірмейтін азаматтардың да тұрғын үй алуға мүмкіндігі болады. Ол үшін соңғы бес жылдықта жеке баспанасы болмауы шарт. Тұрғын үй заңына осындай өзгеріс енді. Сондай-ақ өтінімдердің барлығы онлайн түрде жүзеге асады. Баспана кезегіне тұру талаптары мен шарттары қандай? 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қараша күні тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі Заңға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес Отбасы банкіне ұлттық даму институты мәртебесі беріліп жатыр.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ төрағасының орынбасары:

- Бұл жаңалықтардың барлығы отбасы банкте толығымен 6 айдан кейін жұмыс жасайтын болады. Себебі осы заңда 6 ай өтпелі кезең қарастырылған. Осы 6 айдың ішінде әкімдіктер бүгінгі таңда өздері жүргізіп отырған кезектің барлығын отбасы банкке береді. 

Бұған дейін кезекті жергілікті әкімдіктер жүргізсе, енді бұл Отбасы банкі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ заңның тағы бір ұтымды тұсы сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерді алғандар енді баспанасын жекешелендіре алады.

Бекжан Сипат, Астана қ. «Тұрғын үй қоры» КММ бөлім басшысы:

-30% бастапқы жарнасы бар, сол кезде салынған тұрғын үйлердің теңгерілімдік құны бар, яғни теңгерілімдік құнның 2%, жылдық амортизациясы сол да ескеріледі. Әрмен қарай қалған қалдығы бойынша азаматтар 30% бастапқы жарна ретінде құйып, қалғанын 10 жылға рассрочка түрінде өтеп отырады.

Мұқтаж жандар арасында тұрғын үйді бөлу есепке қою күніне ғана емес, табыс мөлшеріне қарай да жүргізіледі. Егер отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс 43 407 теңгені құраса, оған жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға болады. Егер табыс көрсетілген мөлшерден жоғары болса, онда оған жылдық 2%-тен 9%-ке дейінгі мөлшерлемелер арқылы тұрғын үй бағдарламалары ұсынылады.

 Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

-Үлескерге байланысты заңды өзгерту керек деп айтып жүрміз. Бірақ 16 жылдан бастап әзірше сол заң өзгерген жоқ. Қаншама үлкен ғимараттар салынбай жатыр. Өзіміздің заңымызды істемегендіктен нарыққа тәжірибелері жоқ құрылысшылар кіріп жатыр.