Алматыда ондаған жұмысшы наразылық шарасына шықты
Ал компания басшылығы: «Әне-міне береміз», – деп халықты құрғақ уәдемен алдап келеді.
Сәрсенғазы Ерікбаев жарты жыл бойы қарыз компаниядан ақшасын даулап келеді. Көпір құрылысында 6 ай уақыт жұмыс істегені жөнінде тиісті құжаттары бар.
Мұхит Барманқұлов, жұмысшы:
- Бәрімізде де кредит бар. Оны қалай төлейміз? Ақшаны күтіп жүрміз. Бүгін-ертең деп жүргенде, бір жыл өтіп кетіпті.
Бұл жұмысшыларға компания басшылығы: «Күзде қарыздарын өтейміз», – деп уәде берген. Бірақ «бүгін-ертең» деп әлі күнге көк тиын да төлемепті. Олармен кездесуден қашады. Серіктестіктің Алматы мен Алматы облысында құрылыс нысандары бар. Мысалы Алматыдағы Рысқұлов көшесінде салынып жатқан жол айрығының құрылысы тоқтап тұр.
Бекболат Беделов, жұмысшы:
- Рысқұлова – Петровадағы мына көпір тоқтап қалды. Жалақысының ала-алмай жатқандықтан, жұмысшылар да істемейді. Осының бәрін әкімге жеткізу керек. Үкімет осыған қарап, барлығын тексеру керек.
Жұмысшылардың арыз-шағымдары бойынша Алматы облыстық прокуратурасы арнайы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде компания қызметкерлері алдында 142 млн теңгеден астам қарызы бар екені анықталды.
Жандос Надырханов, қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Егер үш айдан әрі қарай жұмысшылардың еңбекақысын өзінің жеке басына пайдаланғаны дәлелденсе, онда оған Қылмыстық кодекстің 152-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға да болады. Ал біздің қарастыратынымыз Әкімшілік кодекс бойынша 87-бап. Ол жерде жұмыс берушіге айыппұл қарастырылған.
Ал компания басшылығынан сұхбат алу мүмкін болмады. Кеңселеріне тығылып алып, есікті ашпайды. Көпір құрылысына маманданған бұл компания жалпы 400 ден астам жұмысшының жалақысын толық бермеген. Шыдамы таусылған халық бұл мәселеде әділдік орнамайынша, наразылық шарасын жалғастыра бермек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов