Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды
Іскерлік басқосу барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнатудың келешегіне баса мән берілді. Сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселесі кеңірек сөз болды.
Еуропалық одаққа бірінші, ал батыс елдеріне екінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары осы жайттармен ерек. Қыркүйекте Президенттің АҚШ-қа барғаны мәлім. Ендігі кезек батыс Еуропа елдерінде.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Берлинде көзге оттай басылған ғимарат – Рейхстаг. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев жеңіс туын тіккен нысан. Ал бұл – федералды канцлер отыратын орын. Еңселі әрі іргелі ғимарат. Кіреберіс қақпасы шығысқа қарайды. Дәл сол шығыстан келген мейман – канцлер Ангела Меркельдің мәртебелі қонағы.
Екі елдің арасындағы байланысты нығайта түсер кез келді. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру шарт. Президент сапарының негізгі мәні осында. Қазақстан үшін Германия – кәрі құрлық елдерінің арасында ең сенімді серіктес. Саяси һәм экономикалық байланыстың тамыры тереңге бойлаған. Мұны Ангела Меркельдің Қасым-Жомарт Тоқаевты жылы қабылдауынан байқауға болады. Салтанатты қабылдау кезінде алдымен Қазақстанның, кейін Германияның әнұраны орындалды. Президент жергілікті хаттама талаптарына қарамастан, мемлекеттік рәмізге орнынан тұрып құрметін көрсетті. Германия әлемдік саясатта таразы басын тең ұстайды. Бірде-бір елмен қарама-қайшылығы жоқ. Біздің мемлекет те солай. Көпвекторлы саясаттың пайдасын көріп келеді. Анығында Қазақстан мен Германия батыс пен шығыс арасындағы кейбір кикілжіңдерге араласпайды. Тараптарды тек татуластырып, бітімгерлікке шақырады. Бұл елмен арадағы тауар айналымы соңғы жылдары күрт төмендеп кетті. Былтыр өзара сауда-саттық 2,1 млрд АҚШ долларын құраған. Биылғы 9 айда 1,5 млрд-қа жуықтады. Германиялық тарап қазақ мұнайын бұрынғыдай көп көлемде тұтынбай отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шынымен осындай үрдіс пайда болды. Неғұрлым көп инвестиция келсе, жақсы болар еді. Нақты ұсыныстар бердім. Сондықтан таяу арада оң нәтижелерге сенім артамыз.
Германияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 5 млрд АҚШ долларына тең. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа да кірмейді. Демек, қаржы капиталын еселеу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Цель моего визита – придание дополнительного импульса прежде всего экономическому сотрудничеству и политическому взаимодействию. Так получилось, что Германия, будучи четвертой экономикой мира, занимает 12 место в нашей экономике с точки зрения инвестиционного присутствия. Я выразил надежду, что в самое ближайшее время положение дел будет исправлено в пользу Германии.
Қазақстан мен Германия екіжақты қатынастар тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты. Келіссөздерді Мемлекет басшысы осылай түйіндеді. Ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік екі елдің де мүддесіне сай. Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы болып қала береді. Германия канцлері бұған бек сенімді.
Ангела Меркель, Германия Федеративтік Республикасының канцлері:
- Ресей мен Қытай – Қазақстанның ірі көршілері. Біз Орталық Азияны серіктес аймақ ретінде қарастырамыз. Сондықтан бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Оның үстіне, Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» саясатына белсенді қатысып жатыр.
Германия – Еуропалық одақтың қозғаушы күші. Тек шикізатқа мұқтаж демесеңіз, дайын өнім өндірісі қарқынды дамыған. Сондықтан бұл елден үйренеріміз көп. Озық технология, қомақты инвестиция, қала берді білім беру ісіндегі үздік тәжірибе. Қазақстан-Германия қарым-қатынасы алдағы уақытта тек тауар алмасумен шектелмейді, білім, ғылым және мәдениет салаларында берік байланысқа ұласады.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Асхат Әзіретханов, Алмас Омарғалиев