Хабар телеарнасы

Қытай мен Қазақстан бірлескен генетикалық зертхана ашты

Тұқым қуалайтын аурулардың тізбегін үзуге болады. Ананың бойындағы дерттің балаға өтпеуі үшін енді Қазақстан мен Қытай ғалымдары тер төгеді. Себебі Астанада екі елдің бірлескен генетикалық зертханасы ашылды. Онда жүкті әйелдердің гені зерттеліп, сәбидің дүниеге дені сау боп келуі үшін бар жағдай жасалады.

Аталған орталықта Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо да болып, мұндай жобалардың көбейетінін айтты. Мәселен, алдағы жылдары көрші елдің ғалымдары Аралдың құрғаған табанын химиялық жолмен көгалдандырады. Ал генетикалық зертхана келесі жылдан бастап халық денсаулығын зерттеуге кіріседі.

Ерғали Әбдірайымов, QazBioPharm ұлттық холдингінің бас директоры:

- Кейбір генетикалық тұқым қуалайтын, аутоиммундық аурулар деп айтамыз. Соның кейбірлері анадан балаға жұғатын болса, кейбіреулері генетикалық жолмен келеді. Жүктіліктің бастапқы сатыларында, мерзімінде сол ауруларды анықтауға біздегі қондырғылар мүмкіндік береді. Екінші этапта біз тік ішектің қатерлі ісігіне, соны диагностикалауға жоспарлап отырмыз.

Чжан Сяо, ҚХР Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұдан бөлек бізде кадр даярлау жөніндегі бірлескен жоспарымыз бар. Жас ғалымдар Қытайға барып, тәжірибеден өтеді. Бұл келешекте үрдіске айналады. Ал бірлескен жобаларға келсек, біз бір ғана зертханамен шектеліп қалмауымыз қажет.