Алматыда 45 мың орындық жаңа стадион салынып жатыр

  • 5
  • 05.08.2026, 19:45

Алматыда 45 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы басталды. Жаңа нысан Құлжа және Талғар тасжолдарының бойындағы 32 гектар аумақта бой көтереді. Қазір құрылыс алаңында алғашқы дайындық жұмыстары басталды.

Болашақ арена УЕФА-ның ең жоғары төртінші санатына толық сай келеді. Жоба аясында жаттығу базалары, демалыс аймақтары мен заманауи қауіпсіздік жүйесі қарастырылған. Мамандардың айтуынша, стадион орналасқан аумақ толық абаттандырылады. 

Сырым Тұрлыби, қалалық Құрылыс басқармасы Жобалау бөлімінің басшысы:

- Құрылыс басқармасымен жалпы көлемі 48 мың шаршы метрді құрайтын 45 мың орындық стадион құрылысы жүргізілуде. Жобаға сәйкес, 2000-ға жуық автотұрақ қарастырылған. Оның ішінде 500-ге жуығы инклюзивті ортаға арналған автотұрақтар болып есептеледі. Құрылыстың ұзақтығы және құрылыс сомасы мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін белгілі болады.