Мәслихат депутаттары аймақтардағы мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді
Мәселен, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Майра Екібасованың бастамасымен қалада саябақ салынып, жолдар жөнделді.
Ал қарағандылық депутат Болат Базарбаев өз қаржысына автономды жылу жүйесін жөндеп берді. Маңғыстаулық халық қалаулысы Асқар Керелбаев болса, балаларға арнап спорт кешендерін тұрғызды. Құрылысшы депутат биыл Арыстағы бүлінген үйлерді қалпына келтіріп, алыстағы ағайынның алғысын алды.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Осыдан бірнеше жыл бұрын мына маң қоқысқа толып жататын еді. Қалалық мәслихатының депутаты Асқар Керелбаевтың атсалысуымен бүгінде бұл жағалау қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Ол басқаратын компания 2,5 шақырым жағалауды абаттандырып, халық игілігіне берді. Мұндағы жасанды пальмалар, амфитеатр мен түрлі сәулет мүсіндері көк теңізге көрік беріп тұр.
Жадыра Пернебай, қала қонағы:
- Мен Ақтауға алғаш рет келдім. Теңіз жағалауы, табиғаты да маған қатты ұнады. Мұнда демалуға барлық жағдай жасалып қойыпты. Керемет екен. Маған қала ұнап жатыр.
Құрылысшы депутат игі істерді жасауды туған жерінен бастаған. Кіндік қаны тамған Тұщықұдық ауылына спорт кешенін салып берді. Спорттың бірнеше түрімен жаттыққан балалардан бүгінде ел чемпиондары шыға бастаған. Тап осындай орталық Ақтауда да тұрғызды. Асқар Керелбаев биыл Арыстағы қираған ғимараттарды қалпына келтіруге де білек сыбана кірісті. Ол басқаратын компания 3,5 ай бойы тұтас бір көшені жөндеп, жаңадан үй салып беріп, 50-ге жуық отбасының алғысын алды. Жалпы маңғыстаулықтар Арыстағы бүлінген 330 үйді жөндеп берген.
Асқар Керелбаев, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты:
- Арыстағы жағдайдан кейін Кеңес үкіметі кезіндегі үйлер бүлінді. Соны қалпына келтіріп, жөндеп бердік. Халық қуанып қалды. Мен үшін үлкен баға – халықтың алғысы. Депутат болғаннан кейін, халықтың өтінішін орындап, жағдайларына көмектесіп жатамыз.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Майраш Екібасова қазір қатерлі ісіктен емделіп жүр. Қатты науқастанса да, ол өз міндетін ұмытпақ емес. Соңғы 20 жылдан бері үздіксіз депутат болып келе жатқан Майраш Екібасова өңірдегі бар проблеманы жатқа біледі. Сайлаушыларымен жиі кездесіп, мәселелері шешілгенше тыным таппайды. Оның бастамасымен былтыр қалада саябақ салынып, жолдар жөнделді.
Рустам Шайырғазин, қалалық №8 өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы:
- Майраш Шаизиддинқызының табандылығы арқасында бізге мынадай әдемі саябақ салынды. Балалар ойын алаңы мен воркаут орнатылды. Тек былтырдың өзінде 47 баған тұрғызылып , 42 үлкен жарық шамдар қойылды. Нәтижесінде бұл саябақ түнде жарқырап тұрады.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Болат Базарбаев өз қаржысына Ақтау кентіндегі қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Елді мекенде орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ, көпқабатты үйлердің барлығы дербес қазандыққа қосылған. Алайда мөлтекауданның бірі қысқа дайын болмай, тұрғындар өздері сайлаған депутаттан көмек сұрайды. Болат Базарбаев халықтың тілегін орындап, 3 млн теңгеге жылыту пештерін жаңалап берген. Ол басқаратын кәсіпорын қуат көзін үнемдейтін қазандықтарды жасайды.
Болат Базарбаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:
- Тұрғындардың өтінішінен соң жылыту қазандығына дереу күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір жақсы, үйлері жылы. Мен облыстық мәслихат депутаттығына осы өңірден сайланғандықтан, халықтың талап-тілектерін барынша орындауға тырысамын. Олардың сеніміне ие болу ең үлкен жеңіс деп білемін. Өзім осымен үшінші рет сайландым.
Жалпы қазір облыстық Мәслихатта 41 депутат бар. Олар қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, түрлі реформалар мен бағдарламалардың жемісті жүзеге асуына барынша атсалысып келеді.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Олжас Керейхан, Ардақ Асылханұлы